Ақылды болғыңыз келсе

Ақылды болғыңыз келсе
Фото: www.artsfon.com

Адамның жасы ұлғайған сайын ақылы кіре түседі деп ойлаймыз. Алайда, өкінішке орай, белгілі бір жасқа дейін ғана ақыл-есіміз ойдағыдай болады. Егде шақта көбіміздің есте сақтау қабілетіміз нашарлайды. Бұл үдерісті тоқтату біздің қолымыздан келе қоймас, алайда қол қусырып отыру да жөн емес. Себебі арнайы ем-дом көмегімен ми қартаюын баяулатуға және жадыны күшейтуге болады. Сонымен еңбек қабілетін барынша ұзақ сақтау үшін миға қандай заттар керек?

В топты дәрумендер. Бұл топтағы дәрумендер ми жасушаларын қоректендіру үшін қажет. Ол дәнді дақылдарда мол, сондықтан ботқаға немқұрайлы қарамаңыз. Оларды кез келген уақытта жеуге болады. Таңертең жеген қарақұмық, сұлы немесе күріш ботқасының миға берер пайдасы мол. Астық дақылдарында пайдалы көмірсутек көп, олар мидың оянуына көмектеседі. Үйден оразасын ашпай шығатындар қатты қателеседі, өйткені таңғы ас ақпаратты есте сақтауға зор септігін тигізеді. Сондықтан таңғы асын ішіп шыққандар жол апатына ұшырау жағдайы сирек  ұшырасады.

Қанықпаған май қышқылдары. Егер ол жетіспесе, ми жасушаларына оттегі жеткізілуі нашарлайды, есте сақтау қиындайды. Қанықпаған май қышқылдарын жеткізуші  өсімдік майлары мен балық.  Алайда қыздырған кезде пайдалы май қышқылдары бұзылатынын есте сақтаңыз. Сондықтан да қуырылған және қайнатылған балықтың, қуырылған картоптың миға келтірер пайдасы жоқ. Оған қарағанда өсімдік майы қосылған салат пен майшабақ дұрыс. Майшабақтың тұзы аздау түрін таңдаған жөн. Өйткені көп тұз ағзаға зиян.

Мырыш. Британдық мамандардың тәжірибесі мырыш тұтыну мен ақпаратты қорыту қабілеті арасында тікелей байланыс бар екенін дәлелдеген. Ғалымдардың мәліметі бойынша мырыш тапшылығына ұшыраған адамдардың есте сақтау қабілеті шамамен 50%-ға төмендейді. Демек, сиыр бауырын, теңіз өнімдерін, жаңғақтарды күнделікті мәзірге көбірек қосыңыз. Себебі оларда мырыш көп.

Темір. Ол қандағы оттегінің тасымалдануына көмектеседі. Демек ол миды оттегі жетіспеушілігінен сақтайды. Ол үшін кептірілген өрік, бұршақ тұқымдастарды, нан мен сиыр етін көбірек тұтынсаңыз болғаны.

С дәрумені. Бұл дәрумен организмді вирустар мен бактериялардан қорғап қана қоймай, миды мезгілінен бұрын қартаюдан сақтайды. Цитрустар мен тұздалған қырыққабатты көбірек тұтынып, итмұрын тұнбасын ішіңіз.

Сонымен қатар миға көмектесетін басқа азық-түліктер де бар: пияз – ми жасушалары оттегімен қамтамасыз етілуіне көмектеседі, сарымсақ  құрамында ми жасушаларын белсенді ететін және жадты жақсартатын заттар бар, жасымықта ми жасушаларындағы биохимиялық үдерістердің жылдам өтуіне қажетті аминқышқылдар бар және ол жылдам ойлауды қамтамасыз етеді.

Н. Үсенова