Әр адамның егізі бар

Әр адамның егізі бар
Фото: Дамир Кужумов

Қарым-қатынас – рухани азық алудың бір құралы. Барлығымыз ортақ сананың бір бөлігіміз.

Кейде көшеде кетіп бара жатып, бейтаныс адамның өзімізге жақын екенін сезінеміз. Көзіміз түйіскенде, оны көп жылдан бері танитындай күй кешеміз. Ал кей адамнан бойымызды аулақ салуға асығамыз. Оны көрмеу үшін түрлі сылтау тауып, сөзіміз сәлемнен аспасын деп тілейміз. Мұның себебі неде екен?

Ғалымдар біз жақсы көретін және жеккөретін адамдардың – жан-дүниеміздің айнасы екенін айтады. Яғни бізге өзімізге ұқсайтын адамдар ұнайды. Олармен жақын қарым-қатынаста болған кезде, бойындағы қасиетін жақсы байқаймыз. Магниттейін тартылып, өзімізді барынша жайлы сезінеміз. Ал ішімізге бұғып, өзгеден жасыратын қасиеттерімізді өзгенің бойынан көрген кезде, ол адамды жеккөреміз. Бір адамды жақсы көрсеңіз де, жеккөрсеңіз де, өзіңізге ұқсайтынын біліңіз. Кемшіліктеріңізді мойындай білсеңіз, ешкімді де жеккөрмейтін едіңіз.

Біреу көңіліңізге жақса, оны нақты не үшін ұнатқаныңызды анықтаңыз. Сұлулық, кербездік, күш, қайрат, ақыл? Неде болса, ол қасиет сіздің бойыңызда бар.

Қарама-қарсылықтың болуы – табиғаттың заңы. Жүректе қорқыныш бар жерде, батылдыққа орын жоқ. Ішіңізде сараң біреу отырса, ешуақытта байымайсыз. Адам екі қасиетті ұштастыра білген кезде ғана өзін бақытты сезінеді.

Ал сіз ғалымдардың пікірімен келісесіз бе?

Қ. Бүйенбай