Психологиялық қысым деген не?

Психологиялық қысым деген не?
Фото: wallarthd.com

Психологиялық қысым – бір адамның екінші бір адамның еркін шектеп, толығымен өзіне бағындыруға тырысқаны. Бұл физикалық қысымнан да жаман. Ондай адам басында өзінің шынайы бейнесін көрсетпейді. Бұл мысалы, жігіттің бірінші кездесуде-ақ қызға қояр талабын санамалаудан, өзінің отбасының басшысы болатынын айтудан басталады. Ондай жігіттен аулақ жүрген дұрыс. 

Қыз бала болашақ жарын таңдағанда әр кездесуде абай болғаны жөн. Мысалы, жігіт қателік жасаған кезде, оны мойындай отырып, қызға "менің ісімді талқылайтын адам сен емес" деген мағынада сөз айтса, бұл жігіт – болашақ басқыншы деп біліңіз. Ол үнемі қыздың өзінен төмен тұратынын айтып отырады. Қызды ақымақ көріп, өзін жоғары ұстайды. Басында пайда болмаған сыйластықтың келе-келе дүниеге келуі екіталай. Жыл өткен сайын жігіттің қызға жасайтын психологиялық қысымы да өсе береді. "Күйеуім ешқайда шығармайды", "Жігітім жібермейді" дейтін қыз-келіншектер бұның мәнісін сүйгенінің қызғаншақтығына теліп жатады. Бірақ бар мәселе қызғаншақтықта ғана емес. 

Егер жігіт бұрынғы қызы туралы өте жаман пікірде болып, оны түкке тұрмайтын адам ретінде көрсетсе, ондай жігіттен қашыңыз. Кез келген жігіт өзіне ұнайтын қызға жүрегін ұсынып, оның беті бері қарамайынша қайтпайды. Бұрынғы қызына да кезінде жылы сөздер айтпады деймісіз?

"Сен – менің өмірімдегі ең үлкен махаббатымсың, сенімен кездескенге дейін махаббат деген нәрсені білмеппін". Бұл сөзге сенуге болмайды. Кез келген адам өмірінде бірнеше рет ғашық болады. Сіз де ол жігітті кездестіргенге дейін қаншама жігітпен жақсы қарым-қатынаста болдыңыз. Егер қыз бала осының бәріне қарамастан, сол жігітті таңдап, үйлену тойына дейін жетсе, қыз толығымен психологиялық қысымның құрсауында қалады. Еркек енді әйелінің араласатын ортасын қысқартып, оны туған-туыстарымен, достарымен араластырмауға тырысады. Оның мақсаты не? Ол әйелі үшін жалғыз беделді адам болғысы келеді. Бұндай еркекпен көп жыл бірге болған әйел өз-өзін жақсы көруден қалады. Оның өзіне беретін бағасы төмендеп, күйзеліске де жиі түседі. Соңында өмірі тас-талқан болады. Сондықтан психологиялық қысым көрсеткен сыңарыңызбен ашық сөйлескеніңіз жөн. Оған сіздің де адам ретінде құқығыңыз, пікіріңіз бар екенін түсіндіруге тырысыңыз. Әдетте ондай еркектер өмір бойы әйелді түкке тұрмайтын зат ретінде көреді. Еріңіз өзгеруге ұмтылмаса, мұқият ойланып, соңғы шешімге бекігеніңіз дұрыс. 

Егер сіз "осының миы тыныш болсыншы" деп еркектің айтқанымен жүріп, айдағанына көнсеңіз, ондай өмірдің не қызығы бар? Дұрыс қарым-қатынас пен бақытты отбасының негізгі қағидасы – махаббат, сыйластық, ер мен әйелдің бір-бірінің жанында үрейленбей емін-еркін отыруы. 

М. Оңғарова