Неліктен "жұрттың баласына" ұқсамау керек?

Неліктен "жұрттың баласына" ұқсамау керек?
Фото: Қарлығаш Қалиева, Оксана Винникова

Жарқырап көзге түсіп жүретін құрбыларыңызға немесе шоу-бизнесте БАҚ-тан күн сайын көрініп жүретін замандастарыңызға тамсанып, «Шіркін-ай, осы жұрттың-ақ жолы болғыш. Мен неге солардай болмаймын? Неліктен маған бармақтай бақ бұйырмаған? Неліктен өзгелер талантты? Мені неге сұлу етіп жаратпаған» деп налисыз ба? Бекершілік. Себебі өзіңізді біреумен салыстырып, кемшіліктеріңізді тізіп отыру сізге еш абырой әпермейді, керісінше, өмірден түңілтіп, рухани күйзеліске ұшыратуы ықтимал.

Бұлай салыстырудың төркіні, өкінішке орай, ата-аналардың көзқарасынан туындауы мүмкін. Мысалы: «Ана пәленшенің баласын қарашы, сабақты жақсы оқиды; конкурстан бірініші орын алыпты; жастайынан пысық, ақша тауып жүр; неге жұрттың баласы ақылды?» т.б. сөздер жаныңызды жаралап, көңіліңізді қаралап тастайды. Әрине, ата-анаңыз сізді төмендету үшін емес, қайрау үшін айтқан. Өсе келе жұрттың баласымен енді өзіңізді өзіңіз салыстыра бастайсыз, ата-анаңыздың пікірін үкім етіп қабылдайсыз. Алайда өзіңізді тәрбиелеуге, мақсат қоюға, мамандығыңызды өзгертуге ешқашан кеш емес, сенбесеңіз белгілі тұлғалардың өмірбаяндарымен танысыңыз, көбісі шыр етіп туылғаннан талантымен көзге түспеген, біразы мектепте нашар оқыған, оларға да кезінде жан-жағындағылар күмәнмен қараған, алайда олар қазір әйгілі адамдар.

Кейде «дарынды болып туылады, тума талант, ешкімге ұқсамайды» деген пікірлерді естіп жатамыз. Бірақ біреуге ерте, біреуге кеш берілетінін де ұмытпайық.

Өзіңізден табысы төмен адаммен салыстыру да дұрыс емес, өйткені адам «менен төмендер де бар ғой» деп тоқмейілсіп, ілгері ұмтылмайды. Тек өзіңіздің кешегіңізді бүгінгіңізбен салыстырыңыз. Күннен-күнге дамуға тырысыңыз. Ол үшін өз жолыңызды табыңыз. Қандай іске қабілетіңіз бар? Нені қызығушылықпен істейсіз? Соны табыс көзіне айналдыруға тырысыңыз. Батыл болыңыз. Қызметіңізді жаңалық әкелу арқылы жұртшылыққа ұсыныңыз. Осы ісіңізден ләззат алуға тырысыңыз. Үнемі рухани жағынан өсіп отырыңыз, ол үшін түрлі әдебиеттер оқыңыз. Ата-бабамыздың тарихын, әдет-ғұрпын тереңірек меңгерген жөн.

Сәттілік тілеймін!

Ф. Абилова