Қажыр-қайрат мұратқа жеткізеді

Қажыр-қайрат мұратқа жеткізеді
Фото: Қарлығаш Қалиева

Қажыр-қайрат - адамға қажетті қасиеттердің бірі. Дүниежүзіне танымал жандардың дені мақсаттарына қажырлылықтың арқасында қол жеткізген. Мысалы, көбімізге ұнайтын Zara брендін алайық. Оның иесі Амансио Ортега сирағы шыққан кедей болғандықтан, тіпті орта білімді де ала алмай, 13 жасынан бастап жалданып жұмыс істеуге мәжбүр болды. Тек 40 жасында ғана өз дүкенін ашқан. Себебі күн көріс үшін әйелімен бірге халат, түн көйлектерін тігіп, дүкендерге өткізіп жүрген. Кейін олардың киімдерін ешкім алмай қойған, сондықтан Ортеганың отбасы тәуекелге барып, қорықпай, өз дүкендерін ашады. Бірте-бірте тауарлары сұранысқа ие бола бастайды. Бүгінде Zaraны білмейтін адам жоқ.

«Гарри Потердің» авторы Джоан Роулингтің 1997 жылы алғашқы кітабы жарияланғанға дейін ол жеті жыл бойы кедейлік пен жалғыздықты басынан кешірді. Оны күйеуі тастап кетті, жұмысынан айырылды, кітабын ешкім басып шығарғысы келмеді. Алайда Джоан баспаханаларға барудан жалықпады, біреуі болмаса екіншісі кітабын шығаратынына үміттенді. Дегенмен ол кезде кітабының бестселлерге айналып, әлемді таңғалдыратынын білмеді. Ол бар болғаны баласы мен екеуінің күнелтісін ғана айыратын тиын-тебен тапсам деп армандаған. Баспахана иелерінің «Сіздің кітабыңыз түкке тұрғысыз» деген үкімін бірнеше рет естігеннен кейін де ол жақсылықтан күдер үзбеді. Себебі ол өте қажырлы адам болатын әрі өзінің талантына сенді.

Фантастикалық кітаптар әлемінде танымал болған Стивен Кинг те өзінің қажырлылығымен ерекшеленеді. Ол жазбаларын талай баспаларға жіберген болатын. Үнемі "жоқ" деген жауап алып, бас тарту қағаздарын қабырғаға іліп, жинайтын. Баспагерлер Кингтің қателерін тізіп, жазып жіберетін. Әр қатесін ескеріп, Стивеннің қаламы ұштала түседі. Талай жылдар өткен соң алғашқы кітабы жарық көреді. Біраздан кейін Стивен Кинг танымал жазушыға айналады. Сонда ол баспагерлер шығарудан бас тартқан ең алғашқы жазбаларын бастырады.

Сол себепті ағайын, егер дәл қазір жұмысыңыз жүрмей жатса, қамықпаңыз, қажырлылықпен алға ұмтылыңыз. Кім біледі, белгілі бір уақыттан кейін танымал болып шыға келерсіз, жақсылыққа сеніңіз.

Ол үшін сізге визуализация көмектеседі. Визуализация кемінде күніне бір рет арманыңыздағы жайтты көзіңізге елестетіп отыру. Ол үшін 3-5 минут терең тыныс алыңыз. Сосын мақсатыңыздың орындалғанын асықпай, мұқият көзіңізге елестетіңіз. Жеке үй, қымбат маркалы машина, отбасы бизнесі, т.с.с. Міне, қолыңыз жетті! Қандай бақытты сәт! Шын пейіліңізбен қуаныңыз. Арманыңызға жету үшін күнде, жүйелі түрде визуализация жасаумен ерінбей, жалықпай қажырлылықпен айналысыңыз.

Дүниежүзіне әйгілі Джон Кехо визуализация әдістері мен нәтижелері жайлы бірнеше кітап жазды. Осы кітаптарды алып оқыңыз.

Сәттілік тілейміз!

Ф. Абилова