Келіндер академиясы: Қыз жасауы

Келіндер академиясы: Қыз жасауы
Фото: azh.kz, planeta.ru, voxpopuli.kz

Қыз жасауы – ұзатылатын қыз үшін өткір мәселе. Өйткені бұл – атадан-балаға жалғасқан ұлы дәстүр. "Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар". Әу бастан киіз үйде өмір сүрген ата-бабаларымыз ұлы үйленгенде енші беріп, бөлек шығарған. Сөйтіп жаңа киіз үйде жаңа отбасының шырағы жағылған. Ақ отау үлкен үйдің оң жағынан тігілген. Отауға келіннің күйеуінен жасы үлкен адамдар шақырусыз кірмеген. Отауды "оңаша үй" деп те атаған. Ұзатылып жатқан қыз жаңа қоныстарын керек-жарақпен жабдықтау мақсатында отауға күнделікті өмірге қажетті заттарын арқалай келген. Ұлдың ата-анасының міндеті енші беру болса, қыздың ата-анасының міндеті қыз жасауын әперу болған. 

Бүгінде бұл дәстүр өзгеріске ұшырады. Барлық ата-ана ұлына жаңа пәтер әперіп, бөлек шығаратындай қауқарға ие емес. Соған қарамастан қыз жасауының түгел болуы талап етіледі. Қыз бара жатқан үй кішкентай болса, қыздың жасауына міндетті түрде кіретін жатын бөлме гарнитурын қоятын орын да табылмай жатады. Сондықтан жасауды аларда екі жақ материалдық жағдайға баса мән беру керек. "Келісіп піскен тон келте болмас" дейді атам қазақ. "Заманың түлкі болса, тазы боп шал" демекші, қыз жасауының орнына екі жасқа шетелге жолдама алу, жер әперу сынды тиімді әрі батыл әрекетке барып жатқан ата-аналар да жоқ емес... 

Қыз жасауын әр облыс өзінше жасайды. Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанның, Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстанның салты әр басқа. Біз өзіміз білетін Оңтүстік Қазақстан салты бойынша жасалатын қыз жасауын тізейік, олар: 9 көрпе (5 төр көрпе, 1 махаббат көрпесі, 3 жамылатын көрпе), 2 жастық, ыдыс-аяқ жинағы (қаражатқа қарай 45 жинақ, 120 жинақ ала береді), шәйнек-құман, қасық жинағы, сандық, дастархан, жатын бөлме гарнитуры, төсек-орын жабыны, жастық пен көрпе тысы, 2 кілем, сүртінетін орамал, басқа тағатын орамал, қыздың киім-кешегі. 

Бұдан өзге әр ата-ана жағдайына қарай тоңазытқыш, шаңсорғыш, кір жуатын машина, газ плита сияқты тұрмысқа қажетті заттар әкеледі. Бүгінде қыз жасауы да қазақтың тойы секілді бәсекелестікке айналып кетті. Әркім көрпесіне қарай көсіліп, ең алдымен қыздың ыдыс-аяғы мен төсегін түгендеп апарса, нұр үстіне нұр болмақ. Кейде жасауды бағалап отырған қауым "бір көрпесі кем келіпті", "ыдыс-аяғы нашарлау екен" деп беттерін шымшып жатады. Бұл екі жақтың ата-анасын былай қойғанда, тәй-тәй басқан бала секілді жаңадан отау құрып жатқан екі жастың арасына сызат түсіреді. Қандай жағдай болса да қос ғашықтың отбасы болып, аяқтан тұрып кетуінің бәрінен маңызды екенін есте ұстаған жөн... 

М. Оңғарова