Өз мақсатыңызға жеткіңіз келсе...

Өз мақсатыңызға жеткіңіз келсе...
Фото: Илья Тарасов

Өмір жолында кездесетін қиындықтарымыздың көбін ойымыздан шығарамыз. Олар белгілі бір жағдайдың, сәтсіздіктің не біреудің әрекетінің нәтижесі емес. Олар біздің «менталды» әдеттерімізден туындайтын мәселелер.

Олардан қалай арылуға болады?

1. Тез шешім қабылдамаңыз

Бұл әдеттің екі салдары болады. Біріншіден, біз ары қарай не болатынын білеміз деп, маңызды нәрселерді назардан тыс қалдырамыз. Адам болашақты болжай алмайды. Сол себепті тұжырымдарыңыздың көбі қате болып шығуы мүмкін. Екіншіден, адамдар бір-бірінің ойын біледі деген ойда. Біреудің неліктен қандай да бір әрекетке барғанын білу үшін сол адамның өзінен сұраңыз. Онсыз шын мәнінде не болғанын біле алмайсыз. Өзіңіздің тұжырымыңызға тым сенімді болмаңыз, әйтпесе алға жүрудің орнына керісінше, артқа шегініп кетесіз.

2. Түймедейді түйедей етпеңіз

Көптеген адам кішкентай мәселенің көлемін ұлғайтып, уайымшыл болып кетеді. Неліктен? Бұл - өзін жиі іскер етіп көрсету үшін саналы да, бейсаналы да түрде жасалатын әрекет. Кез келген қиындық уақытша екенін ұмытпаңыз. Оны түйедей етіп, жұрттың мазасын алып, дабыралатудың еш қажеті жоқ.

3. Ойдан ереже шығармаңыз

«Ананы-мынаны істеу керек» деген нәрсенің көбісі маңызды емес. Керісінше жүйкені жұқартып, өзіңді кінәлі сезінуге итермелейді. Өзіңізге жоқ жерден талап қоя берсеңіз, алдыңыздан кедергілер шыға беретіні сөзсіз.

4. Стереотиптерден арлыңыз

Өзіңізді қоғамның қойған шарттарына лайықтауға тырыспаңыз. Сіз өзіңіз ойлағаннан әлдеқайда мықтысыз. Ал егер әлеумет ойлап тапқан стереотиптерімен өмір сүретін болсаңыз, өз мүмкіндіктеріңізді «басып» тастауыңыз мүмкін.

5. Перфекционист болмаңыз

Өмір ақ пен қара, жақсы мен жаман деп бөлінбейді. Осы екі түсініктің арасында шексіздік бар деп есептеңіз. Егер сіз мінсіз адамды іздейтін болсаңыз, өмірді жалғыз өткізуіңіз мүмкін. Егер сіз мінсіз жұмыс орнын іздейтін болсаңыз, оны таппай өтуіңіз ғажап емес. Перфекционизм – менталды құбылыс. Ол сізге өмірден ләззат алуға кедергі етеді. Алайда бұл дерт емес, әдет. Одан арылу өз қолыңызда.

Жалғасы

Ф. Абилова