Жігітке ұнайтыныңыздың 5 белгісі

Жігітке ұнайтыныңыздың 5 белгісі
Фото: Жандос Дінмұхамедов

Көптеген ару жігітпен сөйлесіп жүріп, оған ұнайтын-ұнамайтынын анықтағысы келеді. Жігітке ұнайтыныңыздың белгілері бар ма?

1-белгі. Тікелей шабуыл

Егер жігіт қызды ұнатса, ол оны бірден сезеді. Ғашық болған жігіт қызына ерекше жылулықпен қарайды. Сөйлегенде де ұқыпты, жұмсақ болады. Үлкен ортада отырсаңыз да, сізге көңіл бөліп, жиі қарап, сөйлесуге тырысады. Егер сізді серуендеп, қыдыруға шақыратын болса, оған ұнайтыныңызға күмәнданбаңыз. Алайда бұл жігіттердің тек бір типі. Ұяң жігітке өз сезімін білдірту қиынға соғады.

2-белгі. Ықылас

Жігіт сіздің көңіл күйіңіздің өзгеріп, ауысып отыратынын байқайды. Сіздің шаруаларыңыз, мәселелеріңізді шешуге көмектесуге тырысады. Барынша сізге қамқор болуға ынталанады. Жақсы жерге апарып, қыдыртып, кешке үйіңізге шығарып салады. Басқа жігіттердің сізге қарап, жүрегіңізді жаулауға ұмтылғанын байқаса, қызғанып, тек онымен ғана кездесуіңіз үшін бәрін жасауға тырысады.

3-белгі. Салқынқандылық

Кейбір жігіттер сезім білдіруді осалдылық деп санайды. Қызға бауыр басып қалуға қорқады. Сонда олар өз сезімін жасыруға тырысады. Мұндай жігіт сырт көзге салқын көрінуі мүмкін. Кеше ғана жылы көзбен қарап, еркелеткен жігіт бүгін сізбен сөйлесуге бір минут та таба алмай жүр. Мұндай жағдайда оған ойлануға мүмкіндік беру керек. Өзіне не қажеттігін түсінгенде, шешімін сізге айтады. Оған дейін еш реніш, ызасыз күтуге тырысыңыз.

4-белгі. Эмоцияны ашық түрде білдіру

Егер кездесуде жігіт кенеттен сізді құшақтап алса, оның сезімі сізге шынайы әрі жылы екенінің белгісі. Алайда табиғатынан эмоцияны «төгіп шашуға» жақын жігіттер болады. Ондай жігіттің жанында өзіңіздің «керек» сезінсеңіз де, кейінірек «ол бәріне сондай қарым-қатынас таныта ма?» деген сұрақ қоя бастауыңыз мүмкін. Расында да ол тек кездесуде ғана нәзік, мейірімді болып, шалғай кеткенде мүлде сіз туралы ойламауы да ықтимал. Сол себепті шынайы сезім мен өтірік ойынды ажырата біліңіз.

5-белгі. Әрекет

Жігіттен тікелей сезімі жайлы сұрап, қинамаңыз. Оның әрекеті мен қылықтарын бақылаңыз. Себебі сөзбен кез келген адам алдап, арбауы мүмкін. Ал әрекет адамның шынайы бейнесін танытады. Егер сізге керек кезде ол жаныңыздан табылатын болса, оның сезімі сізге жылы екенінің белгісі.

Бақытты болыңыз!

Ф. Абилова