Бала тәрбиесі - үлкен бір ғылым

Бала тәрбиесі - үлкен бір ғылым
Фото: Любовь Харламова

Әрбір ата-ана баласының аман-есен ер жетіп, өскенде қолғанаты болса екен деп армандайды. Өкінішке орай, олар есейген сайын бізден алыстай түседі.

Отбасында береке мен бірлік болсын десеңіз, балаңызбен досыңыздай сырласа біліңіз.

Оған ауыр сөздер мен өкпе-назыңызды айтпас бұрын жақсылап ойланыңыз: дәл осылай зілді дауыспен құрбыңызға ұрысар ма едіңіз?

Қазақ «Сөз сүйектен өтеді» деп бекер айтпаған. Сол себепті оларға ешуақытта ауыр сөздер айтпаңыз. Бала ересек болсын, сәби болсын мұндай жағдайда өзін сыйламайды деп түсінеді. Құрбыңыздың сенімінен шығып қалудан қорықсаңыз, балаңызды да неге дәл солай қадірлемеске?

Тыңдай біліңіз

Ұлыңыз немесе қызыңыз бірнәрсе айтып жатқан кезде, сөзін бөлмей тыңдаңыз. Онда өмірлік тәжірибе болғандықтан, әңгімесі ересек адамдыкінен кем емес. Әңгімесі ұзақ-сонар немесе мәнсіз болатындығы да маңызды емес.

Балаңызға құрметпен қараңыз

Туыстарыңыз бен оның достарының көзінше балаңыз туралы жаман пікір айтпаңыз. Тіпті сыни пікір айтудың да қажеті жоқ. Сіздің сыртыңыздан біреу сөз айтса, өзіңізді қалай сезінесіз? Осы сәтте елестетіп көріңізші. Балаңыз да дәл осындай сезімде болады.

Балаларыңызбен қарым-қатынаста айғай, бұйрық, жазғыру сынды дүниелерден аулақ болыңыз.

Болашағы жарқын бала мейірім мен махаббат бар отбасында ғана тәрбиеленеді. 

Қ. Бүйенбай