Жауапсыз махаббат...

Жауапсыз махаббат...

Жауапсыз махаббат... Тағдырдың тауқыметі ме? Не қарым-қатынасыңыз тағы да осыған әкелгеніне өзіңіз кінәлісіз бе? Бәрін реттеп, ұғынып көрелік.

Арулардың арасында сезімге берілгіш жандар болады. Олар жігіттермен қарым-қатынаста лаулап жанған сезім не өлердей уайымды қажетсінеді. Махаббатта орташаны қаламайды. Осындай қыздар жауапсыз сезімдерімен бетпе-бет қалса, қайғыға берілуді әдетке айналдырады.

Жараланған жүректі жұбатудан шаршадыңыз ба? Ендеше оның түп мақсатын анықтап, мәселені шешіп көріңіз. "Сезімге берілгіш" қыздардың қатарында болып, болашақта жауапсыз махаббатқа мынандай белгілері бар қыздар кезіге алады.

  • Егер отбасыңыздың мүшелері арасында түсініспеушіліктер болған үйде өссеңіз. Балалық шақта қажетті күтім көрмей, ұрыс-керістердің куәгері болсаңыз, бұл психикаңызда із қалдыруы әбден мүмкін. Жігіттермен қарым-қатынасыңызда ата-анаңыздың қателіктерін қайталамаймын, бәрін мінсіз жасаймын деп, қатты тырысып, жігітіңізді қорқытып қоясыз.
  • Жалғыздықтан қорқасыз. Сол себепті сүйіктіңізге тым көп көңіл бөліп, көңілін табудан шаршамайсыз. Бұл да оны қорқытуы мүмкін.
  • Өзіңізге сенімді емессіз. Өзіңізді бақытқа лайықты деп санамай, ол үшін керемет бір нәрсе жасау керек деп ойлайсыз. Сол себепті ойыңызда ылғи жауапсыз махаббатпен кезігуге дайын боласыз.
  • Сүйіктіңізді ылғи бақылағыңыз келіп тұрады. Бұны ол үшін қорқамын деп түсіндірсеңіз де, жігітіңіз бұған мәз болмас.
  • Тым көп армандайсыз. Екеуіңіздің ертеңіңізді ойлап, бейнелеп армандайсыз. Бірінші кездесуде-ақ үйлену көйлегіңізді елестеткенше, қазіргі мүмкіндіктерді жіберіп алмаңыз.
  • Депрессияға берілгішсіз. Эмоционалды ауру, уайым-қайғы сезінуге құмарланып кеткенсіз. Қайғылы өлеңдерді тыңдап, фильмдерді қарап, ауыр сезімдерді сезінуді ұнатып қалғансыз.
  • Сізге қарапайым, сабырлы жігіттер ұнамайды. Оларды тым көңілсіз санайсыз. Алайда жақынырақ танысып көргеніңіз дұрыс.  

Бойыңызда осындай белгілер болса, сіздің жауапсыз махаббатқа құмарлығыңыз бар. Ал жауапсыз махаббат шын сезім емес. Қарым-қатынасты сақтап қалу үшін бәріне баруға даяр болу да дұрыс емес. Есіңізде болсын, шынайы махаббат қиындықтармен кезіксе де, әрқашанда сізге оң сезімдер сыйлап, өмірге деген құштарлығыңызды арттырады. 

Біреуге тәуелді болудан арыламын десеңіз, ақ боз аттағы ханзадаңызды іздегенше, өзіңізден нағыз ханшайымды табуға тырысыңыз. Қарым-қатынастарыңыз жауапсыз махаббатқа апармасын десеңіз, мына кеңестерді орындап көріңіз.

  • Көмек іздеңіз (кітаптардан, осындай мақалалардан, құрбыларыңыздан).
  • Жігітіңізді бақылауды доғарыңыз. (Көмек көрсету, кеңес беру, мақтау).
  • Психологиялық тәуелділіктен аулақ болыңыз. Өзіңізді оқиғаның құрбаны не біреудің көмекшісі деп санамаңыз. 
  • Сезімдеріңіз бен армандарыңызды басқаларға айтып үйреніңіз.
  • Өзіңіздің кемшіліктеріңіз бен қателіктеріңізге ашық қарап көріңіз. Өз сәтсіздіктеріңізде басқаларды кінәламаңыз.
  • Жігіттерде көбінесе не ұнайды? Батылдық, ержүректік? Ендеше осы қасиеттерді өзіңізде дамытуға тырысыңыз. Сонда басқа біреуді қажетсіну де кетеді.
  • Шамалы болса да, эгоист болыңыз. Сіздің өміріңіздегі басты кейіпкер - сіз. Өз өміріңіз бен шешімдеріңіз үшін жауап бере алып, өміріңізге разы болсаңыз, өзіне сенімді, аяғында нық тұратын жігітті кездестіру мүмкіндігіңіз өседі.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: chuvstvnet.ru, oboi-na.ru

С. А