Арбаушының әдісін білесіз бе? #3

Арбаушының әдісін білесіз бе? #3

Басы

6. Тұспалдап айту.

Көпмағыналы тұспал сөздерінің бір ыңғайлысы – олар үшін сізді ешкім жауапкершілікке тартпайды. Мысалы:

«Оның қандай ақшаға демалып келгені кез келген адамға түсінікті» деген сөз тыңдаушыны керек «бағытқа» жібереді. Ал сіз расында нақты ештеңе айтпаған болатынсыз. Бұл әдісті біз өте жиі кездестіреміз. Әсіресе, фильмдерде.

Тұспалдап айту арқылы арбаушы сізді шындықтан алыстатуы әбден мүмкін. Нәтижесінде сіз қате пікірде болып, дұрыс емес шешім қабылдайсыз. Ал бұл үшін сіз арбаушыны кінәлай алмайсыз. Себебі айтуын айтқанмен, соңғы шешімді өзіңіз қабылдадыңыз.

Сондықтан біреудің айқын емес «болжамдарына» сенуден аулақ болыңыз. Біреу туралы пікір қалыптастыру үшін ол адамның өзімен сөйлесіп, өзін тануыңыз керек.

7. Көз жасы.

Әйелдерде ер адамды тығырыққа тіреу үшін көз жасын төгетін әдет бар. Ол көз жасыңызды тоқтату үшін кез келген бұйымтайыңызды орындап, ұсынысыңызды қабылдауға дайын болады. Әйел заты бұл шеберлікті бала кезінен бері дамытады. Себебі көптеген әке қызын тыныштандыру үшін бәріне барады.

Бұл әрине, өте күлкілі факт. Бірақ өтірік емес. Әйел заты бұл әдісті қашан және қалай қолдана бастады?

Әрқашан ер адамнан төмен саналатын, күші келмейтін әйел затының қаруы – сұлулық пен эмоция. Бұл екі қаруын пайдалану арқылы әйел заты қоғамда өз орнын тапты. Ал эмоция – адамға берілген ең басты құндылықтарының бірі. Ал көшбасшысы әрине – денсаулық.

Эмоция болмаса, өмір де жоқ. Жұмыс та жоқ, махаббат та жоқ, армандар мен мақсат та жоқ. Солай емес пе?

Әйел затына эмоция шексіз берілген деуге болады. Ол аналық махаббаттан бастау алатын ұлы сезім – қамқорлық. Ал көз жасын төгіп, еркелейтін нәзік жандыға сіз қамқор болыңыз. Ақылдылық пен даналықты бірге ала жүріп, сүйікті жарыңызды тәрбиелеңіз. Сонда ол арбау үшін көз жасын төгеді деп ойламаймын.

8. Кінә сезімін шақырады.

Жоғарыда айтқанымыздай, адамзатқа дарыған басты құндылықтарының бірі – сезім. Сезім қатарындағы кез келген адамда бар сезімнің бірі – кінә.

Арбаушылық феноменінде ең сәтті саналатын қулықтардың бірі – адамның өзін кінәлі сезінуін пайдалану. Бұл әдіс жылдар емес, ғасырлар бойы және қарым-қатынастың кез келген деңгейінде қолданылады. Ең жаманы – арбауға түскен адам арбаушының қалауын «мен мұны істеуге міндеттімін» деген оймен орындауға мәжбүр.

Қарым-қатынас психологиясында бұл әдісті қолдану үлкен қателік екенін есте сақтаңыз. Жарыңыздың қателіктерін кешірген болсаңыз, сәті түскенде қайталап, пайдалану нағыз опасыздық саналады. Себебі кез келген адамның қателесуге хақы бар. Және оны айыптау сіздің құзырыңызда емес.

9. Келісім.

Адамның миы инерция бойынша істейді. Оны түсіндіру үшін мынадай мысал келтіре аламыз, адам бір рет жоқ дегеннен кейін қайталап айтуы жеңілірек болады. Солай сияқты 3 рет келіскеннен кейін қайталау жеңіл болады. Егер бастапқы 3 рет ол сөзбен ғана келісіп, іштей келіспеген болса, келесі ретте іштей де келіседі екен.

10. Жасырын шабуыл. 

Адамды оған таныс емес бір іспен (мысалы, бизнесте) айналасуға ынталандыру үшін сіз «Кейде адамдар сезімнің ықпалымен дұрыс емес шешім қабылдайды», «келісімшартқа қол қойғаннан кейін адам жеңілдеп қалады» деп сізді өз дегеніне жетелеуі мүмкін.

Өзінің қалауын сізге істету үшін осындай қулықтарды пайдалануы мүмкін. Арбаушыны кездестірсеңіз, осы белгілер арқылы анықтап, алданудың алдын аласыз.

Жалпы, ең эффективті арбаудың түрі – адам сезімін пайдаланып арбау. Олар біз атаған кінә, сенім, махаббат, ынта, сияқты сезімдер негізінде болады. 

Ешкімнің ырқына көнбеңіз, ең алдымен ішкі дауысыңызды тыңдаңыз.

Сурет: ©Евгения Горобец

Ұқсас жазбалар:

Арбаушының әдісін білесіз бе? - 1

Ф. Абилова