Сіз ешкімге ешнәрсе қарыз емессіз

Сіз ешкімге ешнәрсе қарыз емессіз

Өмір заңы тым қатал. Өйткені айналамыздағы адамдармен көзқарасымыз әртүрлі болып, пікіріміз бір жерден шықпайтын сәттер жиі болады. Мұны дұрыс құбылыс деп білгеніміз жөн. Біз әртүрлі отбасында тәрбие алдық. Қыр баласы бауырмал, жанашыр келсе, қала баласы өзгеден бұрын өзін бірінші орынға қояды. Керісінше болуы да ғажап емес. Ең жаманы – айналамыздағы адамдардың бізді, біздің өмірлік ұстанымдарымызды өзгертуге тырысатындығы. Отбасы мүшелері, достарымыз, әріптестеріміз, сүйіктіміз бізге қалай жүру керектігін үйретіп, өз шартын ұсынады. Бұл жағдай сізге таныс па?

Олай болса, жадыңыздан шығармауға тырысыңыз! Біз ешкімге ешуақытта ешнәрсе қарыз емеспіз. Әрине отбасымыздың, жарымыздың, балаларымыздың алдында өтелуі тиіс парыздарымыз бар екеніне таласымыз жоқ. Алайда таңдау жасау еркін, өмірді қалай сүру керектігімізді ешкім де нұсқай алмайды. Түйсігіміз бен сана-сезімімізге сенім артқанымыз жөн.

Сіз

– әрдайым 100% мінсіз болуға;

– үнемі барлығын бақылауға;

– өзіңізге ұнамайтын адамдарға жақсылық жасауға;

– сізге жамандық жасаған адамдарды жақсы көруге;

– шынайы болмысыңызды көрсеткеніңіз үшін кешірім сұрауға;

– өзгелер үшін жанталасып еңбектенуге;

– қалауларыңыз үшін өзіңізді кінәлі сезінуге;

– ұнамайтын ситуацияға бой ұсынуға;

– біреуге бола өзіңізді құрбан етуге;

– сыйластық жойылған қарым-қатынасты сақтауға;

– көп уақытты алатын жұмыстарды орындауға;

– қолыңыздан келмейтін істі жүзеге асыруға;

– ақылға сыймайтын талаптарды орындауға;

– бергіңіз келмейтін затты беруге;

– тәртіпсіздік жасадым деп қиналуға;

– өзгенің мүддесі үшін өзіңіздің «меніңізден» бас тартуға еш уақытта міндетті емессіз.

 Сурет: ©Андрей Пачевский

Қ. Бүйенбай