"Жоқ" дей аласыз ба?

"Жоқ" дей аласыз ба?

Психологтардың айтуынша, қыздардың жігіттермен қарым-қатынасындағы басты қателіктерінің бірі - "жоқ" дей алмау. Немесе жоғының "иә" деп тұспалдап тұрғандай болып көрінуі. Керек кезде "жоқ" айтып үйренейік. 

Әдетте жігіттер осыны әзілге айналдырып, қыздардың жоқ, иә дегеніне назар аудармайды да. Біздің жоқты иәмен теңеп, армандап кететіндері де бар. Мүмкін шынымен кінәміз өзімізден болар? Дұрыс бас тартуды білмейтін шығармыз? Иә, қыздар үш әріптен тұратын оңай сөздің орнына ондаған сылтаулар тауып, "мүмкін, болашақта" сынды уәделер беруге құмар.

Бұның себебі түрлі болуы мүмкін. Мысалға, өзіңізге деген сенімділіктің төмен болуы. "Бәріне "жоқ" дей берсем, кейін "иә" дейтін ешкімім де қалмайды ғой" деп ойлап, достарыңызға көмектен не онша ұнамайтын жігітпен кездесуден бас тартпайсыз. Ал сіз жайлы сонда кім ойлайды?

Тәрбие. Біреу көмек сұраса, бас тартпай барыңды бер деп тәрбиелендік емес пе? Бірақ бәрінің шегі болады. Өзіңіздің уақытыңызды, күшіңізді, ақшаңызды біреуге беремін деп, өзіңіз көмекке мұқтаж болып қалмаңыз.

Жалғыз қалу қорқынышы. Жалғыз қалғанша, ұнамаған жігітпен кездескен дұрыс па? Не достарыңыздың бітпейтін отырыстар өзіңізбен оңаша қалғаннан пайдалырақ па?

Жақсы адамды өкпелетіп алмау. Бұл сірә, "жоқ" демеудің ең басты себебі болар. Қасыңдағы досыңызды не құрбыңызды, бір сөзбен айтқанда жақсы адамды жоғыңызбен өкпелеткенше, сұрағанын істеп берген артық деп ойлайсыз ба? Алайда бұл көмекті аяушылықтан істегеніңізді сезінсе, бұл оған әлдеқайда көп реніш әкеледі.

Иә, не болса да, "жоқ" "иә" сөзіне қарағанда сүйкімсіз, жағымсыз естіледі. Алайда дұрыс кезде айтылған "жоқ" уақытыңызды, ақшаңызды үнемдеп, қарым-қатынасыңызды сақтап қала алады. Сондай-ақ талай белестерге жету үшін де "жоқ" айта білу керек.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: psy.passion.ru

С. А