"Әкесі жақсы қандай-ды, перзент қамын ойлаған"

"Әкесі жақсы қандай-ды, перзент қамын ойлаған"

Қыз баланың қоғамдағы рөлі ерекше. Сондықтан қыздың тәрбиесіне аса мән беру керек. Тәрбиеде басты ескеретін жайт – әке рөлі. Әрбір әке білуі тиіс факторлармен таныса отырыңыз:

Балаға ойыншық, қымбат сыйлық алып беруден бұрын оған өз махаббатыңызды көрсете біліңіз. Қызыңыз есею барысында әлі біраз сүрініп, қателік жасайды. Олардың бірі сізді қатты ренжітуі мүмкін. Дей тұрғанмен, қандай жағдай болмасын, қызыңыз сіздің махаббатыңызда бір сәтке де күмәнданбауы керек.

Оның көзіне қарап, жақсы көретіңізді айтыңыз. Иә, біздің әкелерімізге бұл әрекет қиынға соғады. Себебі, біздің қоғамымызда қыз балаға анасы жақын, әкесі алшақ. Бұл орайда «әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген мәтелді еске аламыз.

Байырғы заманда аналар үйде отырып, бала-шағаның тәрбиесімен тікелей айналысқан. Әкелердің алшақтығы сол заманнан бері сақталып келеді. Бұл бар болғаны стереотип қана. Оны түбегейлі жойып, бұзу керек деу артық секілді. Алайда, қызыңыз әкесі жақсы көретінін саналы шағында бір рет болсын естуі керек.

Қарапайым өмірден мысал келтіруге болады: әкесі қызының жақсы оқу орнына грантқа түскенін қалайды. Сол жайлы ара арасында қатаң түрде еске салып, қызына міндет жүктейді. Қыз бала мұның дұрыс әрі қажет екенін түсінгенімен, бейсанасында сан түрлі жағдаяттар өрбіп жатады. Яғни, «мен грантқа түсуім керек, әйтпесе әкемнің үмітін ақтамағаным», «грантқа түспесем әкем мені жақсы көрмей қалады», «грантқа түссем әкем мені жақсы көре бастайды», «оқуға түсе алмасам әкемді ренжітемін», «әкемнің бетіне қарай алмаймын» деген тағысын тағылар баршылық.

Мұндай ойлар күннен күнге көбейе, еселей түседі. Сырттай бақылағанда қыз бала қорқып, өзін қоярға жер таба алмай жүреді. Тіпті қорқынышы түсіне кіріп, күні бойы соны уайымдап жүруіне апарып соғуы мүмкін.

Өкінішке орай, балаға өз қалауын жүктейтін ата-аналар өте көп. Әрине, грантқа оқуға түсу жаман арман демейміз. Алайда сол арманды балаға жүктеп емес, сыйлап көріңіз.

Яғни «грантқа түсу», «жақсы жұмысқа орналасу» балаңыздың өз арманына, мақсатына айналуы керек. Оған қалай қол жеткіземіз?

Қызыңызды жаныңызға отырғызып, оны болашағы жайлы әңгіме қозғауға шақырыңыз. Сол орайда жақсы оқу орнына тегін бөлімге түсіп, оқуды жоғары бағамен тәмамдап, жақсы маман атанудың маңыздылығы мен беделділігін түсіндіріңіз. Сонда бала армандап, болашағын жарқын көруге асығып, барын салып, осы жолға түседі.

Сурет: ©Алексей Кострикин

Оқи отырыңыз:

Индиго оқушылар дегеніміз кімдер?

Жасөспірімдерге кеңес: Адам күні адаммен

Жақсы оқығым келеді десеңіз

Жасөспірім қыздарға кеңес

Ф. Абилова