Болашақ жарым қандай болуы керек? #2

Болашақ жарым қандай болуы керек? #2

Өмірлік жарымыз қандай болатыны бізге беймәлім. Алайда, қазірдің өзінде көптеген бойжеткен болашақ күйеуі қандай қасиеттерге ие болу керектігі жайлы ойланып, шешім шығарған.

Сонымен, болашақ жарыңыз қандай болуы керек?

1. Тыйым салу

Сүйіктіңізге бір нәрсеге тыйым салудан аулақ болыңыз. «Қызға қырық үйден тыю» деген мәтелді пайдалану ойыңызда болса, алдымен айнаға қарап алыңыз. Өйткені, әйел затының табиғатына сәйкес кез келген "нәрсеге" қарсы жауап табуы мүмкін.

«Ананы киме, мынаны ки», «анаған барма», «мынаумен сөйлеспе», «футбол қарама», «достарыңа барма», «мынаны жеме» деген тыйымдардан аулақ болыңыз. Егер сізге бір нәрсе ұнамаса, оны жеткізудің басқа амалын тапқаныңыз абзал. Есіңізде болсын: «жылы, жылы сөйлесең, жылан інінен шығады».

2. Мәмілеге келу

Кез келген қарым-қатынасты нық аяғында ұстауға көмекші қасиет – мәмілеге келе білу. Сізге футбол көру, не классикалық әуен ұнамай ма? Оған да үнді телехикаялары мен жапон фильмдері ұнамайтыны хақ. Алайда, ол сіз үшін көреді ғой. Қасыңызда отырып, ұйықтап қалса да, бастысы ниет емес пе? Осы қасиетті бойыңызға сіңіріп алыңыз.

3. Сыйластық

Ең бастысы, бір-біріңізді және бір-біріңіздің ата-аналарын, отбасын сыйлау. Әрине, сіз оларды жақсы көруге міндетті емессіз. Алайда, сыйластық болу керек. Қайын жұртыңыз сіздің бас үйіңіз екенін ескеріңіз. Сол әулеттің отымен кіріп, күлімен шығасыз. Сондықтан әуелден бастап сыйлап, кішірейе білсеңіз, олар да сізге тек жақсы қарым-қатынаста болады.

4. Кемшіліктер

Кез келген адамның кемші жерлері бар. Сыңарыңыз үйленер алдында сіздің кемшіліктеріңізді танып, оларды қабылдай ала ма, жоқ па соны анықтауы қажет. Сіз де өз кезегіңізде осы үдерістен өтуіңіз керек. Бүгін осы мәселені ашып алсаңыз, ертең бақытты өмір сүретіңізге сенімді бола аласыз. Ал егер көз жұма «мен оны бар жан-тәніммен сүйемін» деп, кемші жерлерін көрмеуге тырыссаңыз, күндердің күнінде сан түрлі мәселемен бетпе-бет келуіңіз ғажап емес.

5. Мақтау сөздер

Әдетте, мақтау, қошемет сөздерді біз жақындарымыздан естуді қалаймыз. Әрине, даладағы адамнан гөрі жақының айтқаны мың есе жағымды. Сондықтан сүйіктіңізге арасында шын ниетпен мақтау сөз айтуға сараңданбаңыз. «Бүгін соңдай әдемісің», «жарқырап тұрсың», «осы шаш үлгісі саған өте жарасады екен», «жаңа етігің әдемі екен!», «сымбатты болып тұрсың, жұмыс күнің сәтті өтсін» деп айту қиын ба? Әрине, жоқ. Ал осындай сөздер жақыныңызға қуат беріп, жақсы көңіл-күй сыйлап, жайдары етеді. Оның үстіне ол үшін сізден артық адам болмайды. Бақыттың кілті осында емес пе?

Жалғасы бар...

Сурет: ©Сергей Ожогов

Оқи отырыңыз:

Таңдау жасау кезінде қателеспеу үшін...

Ғашық жігітке тән 5 қасиет

Нағыз ер жігіт қандай қасиеттерге ие болу керек?

Сүйіктіңіздің сезімі шынайы ма?

Ф. Абилова