Қыздар достығының бірнеше құпиясы

Қыздар достығының бірнеше құпиясы

Қыздар жігіттерге қарағанда эмоционалды, албырт және ренжігіш келеді. Осыған орай қыздар достығы да өзгеше. Жігіттер бізге қарағанда бір-бірімен аз ұрсысады. Олар еш уақытта біз секілді «Неге менікіндей киім алып алғансың!» деп сын айтпайды.

Өмірде қуанышты сәттер көп емес, бірақ бар. Қашан да көреалмаушылық, қызғаншақтық сынды мінездер қатар жүреді. Олар өз кезегінде өмірімізді улайды. Десе де жанымызға жақын адамдардың жайы бөлек. Егер қарым-қатынасымыз махаббат пен түсунісу сынды қасиеттерге негізделетін болса, арадағы достықты мәңгілік сақтап қалуға болады.

Не нәрсені ұмытпауымыз керек?

1. Қарым-қатынас тең дәрежелі болуы тиіс. Өзімізді құрбымыздан жақсы немесе жаманбыз деп айтуымыз жарамайды. Әдемі көріну үшін ұсқынсыз құрбыларды таңдаймын сынды ұстанымдарды шетке ысырған жөн.

2. Сыр сақтай білу. Құлаққа жауыр болса да, бұл - ең басты қасиеттердің бірі. Сондықтан құрбымыз туралы қандай да бір жаңалық айтпас бұрын достыққа деген адалдық пен бір минуттық танымалдылықтың бірін таңдауымыз керек.

3. Сұлулық құпиялары туралы бөлісу. Құрбыңызға өзіне сенімді болу үшін қалай көмектесуге болатындығын білсеңіз, міндетті түрде қол ұшын беріңіз.

4. Қуаныш пен қайғыда да бірге болу - тағы да бір бағалы шындық. Кіммен болсын күліп-ойнауға, көңіл-көтеруге болады. Ал шын көңілмен көмектесу көптің қолынан келе бермейді.

5. Жасандылықтан аулақ болу. Айналамыздағының барлығы ашуымызға тиген кезде де ұстамдылық танытып, әлеуметтік желілерде жалған посттар жазып отыратын сәттеріміз жиі болады. Осындайда құрбылар бір-бірінің қателіктерін кешіріп, күлкінің астарында мұң жатқанын сезуі тиіс.

Ал Сіз қыздар достығына қандай қасиеттер тән деп ойлайсыз?

Сурет авторы: Валерия Куликова

Қ. Бүйенбай