Позитивті өмір сүр

Позитивті өмір сүр

Үнемі жадырап, жымиып жүретін адамдарға қарап, «Осының өмірінде қиындық болмай ма екен?» деп жатамыз. Кез келген адамның өмірі тұтастай қиындықтан, не тұтастай қуаныштан құралмайтын болғандықтан, әр адамның басында әлдебір ауыртпашылықтың болатыны рас. Бұл жердегі басты мәселе – қиындықты кімнің қалай қабылдайтындығында. Кездескен кедергіге морт сынып қала беретін болсаңыз, бақыт атты бал мекен көзден бұлбұл ұшты дей беріңіз. Бақытты болудың ең алғашқы сатысы – позитивті өмір сүру. Бұл сіздің де қолыңыздан келеді. Біз ұсынып отырған мына кеңестер өміріңізге қуаныштың ұшқынын себеді деген сенімдеміз.

  1. Оптимист болыңыз.  Басыңызға түскен кез келген жағдайдың жақсы жағын көруге ұмтылыңыз. Тұра алмастай тұралап жатсаңыз да, «Бәрі жақсы болады әлі» деуден танбаңыз. Басыңызға бұлт неғұрлым қалың болып үйірілсе, сіздің бұлтты серпігеннен кейінгі қуанышыңыз соғұрлым үлкен болмақ. Өмір ақ пен қара жолақты екенін ұмытпаңыз.
  2. "Жанның күлкісі" деген ұғымды қалай түсінесіз? Данагөйлер адам жаны тыныштықта өмір сүріп, өмірдің қуанышын сезінсе, ішкі жан-дүние адам келбетіне әсер етіп, күлкі содан туады дейді. Ал дәрігерлер адамның күлкісі бүкіл ағзамыздың жұмысын жақсарта алады деген пікірде. Психологтар болса, үнемі жымиып, күліп жүретін адам сәттілік сатысына оңай көтеріледі дегенді айтады.
  3. Қанағат етіңіз. Күпірлік қылғанша, шүкіршілік етіңіз. Он екі мүшеңіз сау екеніне, өміріңіздің бірқалыпты ырғақпен болса да, тыныштықта өтіп жатқаны үшін шүкір деңіз. Қанағат қарын тойғызады.  Ашкөзділік ешқашан адамды мұратына жеткізбейді. Риза болып, қанағат ету жүрегіңізді қуанышқа толтырады. 
  4. Әзіл-қалжың жаттап, оларды орайы келгенде айтып жүріңіз. Кез келген әзілді өміріңізбен байланыстырыңыз. Қатты ашуланғанда да, сол әзілдерді еске түсіріңіз. «Ашуланғанда мына әзілді еске түсірем» деген талпынысыңыздың өзінде күлкі тұрған жоқ па? Әлбетте...

Сурет: walland.ru

М. Оңғарова