Еңбек жолында табысқа жетудің тоғыз жолы

Еңбек жолында табысқа жетудің тоғыз жолы

Мансап қуып, қызметте табысты болғыңыз келеді ме?! Бірақ, оны қалай жүзеге асыруды білмейсіз бе?! Олай болса табысқа жетудің тоғыз жолына назар салыңыз.

1. Еңбек демалысын алдын ала жоспарлаңыз. Демалыс алдында адам өзін жайлы сезінеді. Жұмысы да тиянақты, ісі де нәтижелі. Демалысқа шығуға қамданып жатқан жанның көңіл-күйі көтеріңкі болады.

2. Сәнді шаш үлгісін жасап алыңыз. Бірақ, кекіліңізді қатты өсіріп, көз алдыңызға түсіріп жүрмеңіз. Кекіліңіз ұзын болса, жан-жаққа қайырып, әдеміліп жинап қойыңыз. Сізбен бірге жұмыс істеп жүрген жандар сіздің жүзіңізді көріп жүргені абзал. Кері жағдайда, олар сіздің көңіл-күйіңіз жоқ не жасырынып, тұйықталып жүр деп ойлап қалуы мүмкін.

3. Күнге күйіп қараюдан аулақ болыңыз. Әсіресе, жөнсіз солярий орталығына барып, теріңізді жасанды жолмен күйдіріп, қарайтпаңыз. Себебі, уақыт өте келе бұл сіздің денсаулығыңызға кері әсерін тигізіп, теріңіздің түсі басқа түске ауысуы мүмкін. Яғни, сіз табиғи кейпіңізден айрылып, ұсқынсыз болып көрінесіз. Бұл сіздің жұмысыңызға да кері әсерін тигізеді.

4. Әрдайым күлімсіреп жүріңіз. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады»  дегендей, жаныңыздағы әріптестеріңізге жылы қабақ танытып, оларға мақтау сөздер айтып қойыңыз.

5. Көтеріңкі көңіл-күй жұмыстың жемісті болуына ықпал етеді. Күнделікті жұмысқа келген бойда әріптестеріңізбен бастан кешкен қызықты оқиғаларыңызбен бөлісіп, ғаламтор беттерінен күлкілі бейнебаяндарды тамашалаңыздар. Уақытыңыздың 10-15 минутын қызықты бейнесюжет көруге жұмсап, көтеріңкі көңіл-күймен жұмысыңызға кірісіңіз.

6. Бір орында отыруды доғарыңыз. Жұмыс уақыты кезінде ары-бері жүріп, шағын жаттығулар жасап тұрыңыз. Түскі демалыс уақытында, әсіресе түстенгеннен кейін далаға шығып, 15-20 минут таза ауамен тыныс алып, серуендеп қайтыңыз. «Таза ауа – жанға дауа» атты дана сөзді естен шығармаңыз.

7. Әріптестеріңізбен жақсы қарым-қатынаста болыңыз. Бұл қарым-қатынас тек игі мақсатта болуы керек. Жаныңыздағы жандармен тек өз ойыңызды жүзеге асыру үшін араласатын болсаңыз, жұмысыңыз ешуақытта алға баспайды. «Теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан» демекші, әріптестеріңізбен тату-тәтті ортада жұмыс істеңіз.

8. Бір уақытта бірнеше жұмысты жасауға үйреніңіз. Себебі, бірнеше жұмысты қатар істейтін жанның нәтижесі оңды әрі жедел болады. Оның үстіне бірнеше жұмысты қатар істейтін болсаңыз, ешуақытта зерігіп отырмайсыз.

9. Әдептілік сақтаңыз. Кез келген жағдайда ізеттілік білдіруді ұмытпаңыз. Ешуақытта өзгені мазақ етіп, ғайбат сөйлемеңіз. Оның ойын, өмірлік ұстанымдарын сынап, әңгіме қылмаңыз. Сондай-ақ, әріптестеріңіздің өзіңізге ұнайтын қасиеттерін өздеріне айтып, сол жандардан үлгі алуға тырысыңыз.


Ең бастысы, барлығы өз қолыңызда екенін естен шығармаңыз.

Суреттер: unelibert.ru, filmotzyv.ru

Ғ. Ұзақ