Ұят-ай...

Ұят-ай...

Өмірде жерге кіріп кеткің келетін сәттер аз болмайды. Дәл сол сәтте, дәл сол жерде жоқ болып кеткің келетін... Сондай кезде не істеу керек?

Ыңғайсыз жағдай деп өмірде қайталана бермейтін, өзімізді қалай ұстау керектігін білмей қалатын сәттерді айтады. Ыңғайсыз жағдайға түспес үшін жалпыға ортақ ережелермен әрекет етуіміз керек. Бұл ережелерді мыңдаған жылдар бойы, мыңдаған адамдар жасаған. Ол этикет деп аталады. Әлбетте, өмір тоқтап тұрмайды, сол себепті ережелер де ауысып отыратыны белгілі. Бәрін дерлік ұстанатындар кемде-кем. Бірақ этикеттің жақсы жері – адамның өз іс-әрекеттерін бақылап, қоғамда өзін түзу ұстауына көмектеседі. Міне, осы ішкі бақылау ыңғайсыз жағдайға түспеудің алдын алады. Әрине, егер тайып, жығылсаңыз – бұл сәтсіз оқиға. Ал далаға үй аяқ-киімімен шығып кету – бұл сол ішкі бақылаудың бұзылуы.

Егер сіз ыңғайсыз жағдайға түсіп қалсаңыз, табиғи қалпыңыздан таймауға тырысыңыз. Мысалы, құлап қалып, бір жеріңізді ауыртып алдыңыз. Ауырлық сезіміңізді көрсетіңіз, бірақ байсалдылық танытыңыз. Тіпті құлағаныңыз сырт көзге күлкілі көрінсе, достарыңызбен бірге күліп алсаңыз да болады. Және де «Сыртымнан жынды сияқты көрінген шығармын?» деген сұраққа басыңызды мүлдем ауыртпаңыз. Сол сәтте жаныңызда болған адамдарды ойлаңыз. Оларға бұл әрекет қалай әсер етті? Көбіне, олар үшін бұл тез ұмытылатын бір сәт қана. Және адамдардың бәрінің де сүрініп, құлайтыны есіңізде болсын. Сізге қарап, күлкісін тыя алмай тұрған досыңыздың 5 минуттан соң, өзінің де оңбай құламайтынына кім кепіл?..

Кез келген сәтсіз оқиға - бұл үлкен сабақ. Өзіңізге «Бұл жағдай неге дәл маған болды?» деген сұрақ қойып, осы жағдайдан қандай сабақ ала алатыныңызды, қандай әрекеттеріңізбен жұмыс істеу керектігін ойлаңыз.

Ыңғайсыз жағдайлардан шығуда сөз тауып кету - ең ұтымды жол. Сол қасиетті жетілдіруге тырысыңыз. Өйткені ыңғайсыз жағдайлар мен сәттер қайталануы да мүмкін ғой. Сол себепті алдын ала алгоритм ойластырып қойсаңыз да болады. Тіпті жаныңыздағы адам ыңғайсыз жағдайға түскенде де, тапқырлығыңыздың арқасында досыңызды құтқарып ала аласыз.

Өзін-өзі жетілдіру курстарында адамды ыңғайсыз жағдайға қалдырып, өзіңді ұстау мен қиын сәттен шығудың амалдарын айтып, тренингтер өткізеді. Ал көбіне адамдар өмірдің өзі тренинг екенін ұмытып кете береді.  

Суреттер: lola0236.uol.ua, ladymag.info

A. Mustafina