"Қала ханшайымына" айналудың 10 тәсілі

"Қала ханшайымына" айналудың 10 тәсілі

Үлкен шаһарда туып-өскен адамның өзі қалада кейде келеңсіз жағдайларға тап болып жатады. Оның қасында, ересек кезінде ірі қаланы "жаулауға" келгендердің қиындықтары анағұрлым көп. Өкінішке орай, психологтардың айтуынша, ауылдық адамдардың көбі қалада он жыл тұрса да, өздерін "бөтен" сезінеді.

"Қала тұрғыны" атану үшін, сол жерде жақсы пәтер мен табысты бизнестің иесі болу жеткіліксіз. Сонымен қатар, өзін-өзі ұстау, әдет және қарым-қатынас әдебінің кей ережелерін үйрену қажет. Оған қоса, кейде ереже нюанстары өте күрделі және түсініксіз көрінеді. Дегенмен, бәріне үйренуге болады. Сонымен:

1. Өзіңізді таныстырғанда, тек есіміңізді айтыңыз

Үлкен қалада қалыптасқан қағида бойынша, танысқанда толық аты-жөніңізді айтудың қажеті жоқ. Ірі компаниялардың өзінде көмекшіден бастап, барлық қызметкерлер толығымен бас директорды жай ғана есімімен атайды. "Сіз" деп сөйлессе де, әкесінің атын атамайды. Ал, бейресми жағдайда толық аты-жөнін атап танысқан адам, айналасындағыларға "бөтендігін" байқатады.

2. Күлкілі көрінуден қорықпаңыз

Cебебі, "күлкілі" болу - "тәуелсіз" және "ерекше" болу дегенмен бірдей. Ал бұл екі ұғым үлкен қалада жоғары бағаланады. Сайқымазаққа айналудан аулақ бола тұрып, қызықты жазуы немесе күлкілі суреті бар кофта киюге болады. Айтпақшы, шынайы "жергілікті" болып көріну үшін, шаһарға жаңа көшіп келген адамның тек өзгелерге емес, өзіне де күле білуі қажет. Өз абыройын асыра аялайтын адам, оны кез келген уақытта жоғалтып алудан қорқады. Ал қаланың ең жасық тұрғынының өзі өзін мұндай сенімсіз адамның қатарына жатқызбайды.

3. Жеңіл әңгіме айтыңыз

Өз орнын білетін адам саясат, дағдарыс және ғаламдық жылу туралы тек ақша төленген жерде немесе сұхбат беру барысында айтады. Оның өзінде, барлық ой-пікірін ашпайды. Үлкен қалада бос уақытта кептеліс, ауа-райы және шипажайдағы демалыс туралы әңгіме өрбітіледі. Және де, әдепке сай, шетелде бірнеше зәулім үйі бар адам жақында Ыстықкөлге барып келген танысының демалысына тамсануы қажет. Сондықтан, ыңғайсыз жағдайда қалмау үшін, мақтанбаңыз. Және, бастысы, барған жеріңізді қонақүйдегі "швед столы" бойынша бағаламаңыз.

4. Дөрекі сөйлемеңіз

"Үлкен қалада бәрі бір-бірін итеріп, ала көзімен қарап, орын бермейді" деген пікірдің жергілікті тұрғындарға көбіне қатысы жоқ. Дүкенде сатушымен жылы сөйлесіп, рөлде келе жатсаңыз, жаяу жүргіншіге жол беріп, көптік жерде біреудің аяғын басып кетсеңіз, кешірім сұраңыз, "кіру" деген жазуы бар есіктен кіріңіз. Ал эскалаторда сізді біреу итермеу үшін, оң жағында тұрыңыз. Үлкен шаһар өмірі өте қарқынды, сондықтан бұл жерде уақыт өте бағалы. 

5. Есімдерді атамаңыз

Бәрі бір-бірін танитын кішкентай қала не ауылдарда өмірден алынған әңгіме кейіпкерлері есімдерімен атала береді. Ал ірі қалада сіз есімдерді мүлдем естімейсіз. Бұл жерде өз балаларының немесе достарының мәселелерін әңгімелемейді. Айтса да, әңгіме "менің бір танысым" туралы болады. Және "бір танысым" анықтамасына бір-екі рет кездескен адамы мен балалық шағындағы досы да жатуы мүмкін. 

6. Бағаларға таңданбаңыз 


Ірі шаһардағы бағалардан төбе шашыңыз тік тұрса да, ол туралы айналаңыздағыларға айтуға асықпаңыз. Қалада қалыптасқан қағидаға сай, әрқашан бүкіл сауда орталығын толығымен сатып алуға жағдайыңыз бар адам секілді өзіңізді еркін ұстаңыз. Тек жаңа топтамадағы ешбір киімнің сіздің көңіліңізден шықпай тұрғаны...

7. Ешқашан таңданысыңызды көрсетпеңіз

Сауда орталығында жүрген танымал әртістер; тұрпайы киініп, өлең айтып жүрген адамдар; жерасты өтпе жолындағы қайыршылар немесе орталық алаңда жүрген әкім не министр. Қала тұрғыны мұның бәріне таңдана берсе, жүйкесі тозары анық. Сондықтан, олар көп нәрсені байқамайды, не назар аудармауға тырысады. Ал қарамауға мүмкіндік болмаса да, мысқылмен қабылдайды. Бұған келесі маңызды қағида тікелей байланысты.

8. Қарапайым киініп, қымбат әтір себініңіз

Соңғы жылдары ірі шаһар тұрғындары ешкімге белгісіз немесе MEXX, ZARA секілді қолжетімді маркалардан киінеді. Нағыз қалалық адам қымбат брендті тек шетелдік жаңа серіктестермен болатын маңызды кездесуге киеді. Ал сәнді кештер мен қымбат мейрамханаларға қарапайым джинсы мен футболка киіп, бара береді. Бұл қағида макияжға да байланысты. Бет-аузын тым көп бояғандар қатарында жоғары сынып оқушылары мен сатушылар ғана кездеседі (сатушылар да көбіне қалаға көшіп келгендерден екенін ескеріңіз). Ал, парфюм, керісінше. Әтір орынды (күндіз "кешкі" иіс себілмейді), тым өткір емес және қымбат болуы шарт.

9. Көп адам шоғырланатын жерден алыс болыңыз 

Үлкен қала тұрғыны көп уақытын кісі қарасы көп жерде өткізуге мәжбүр болғандықтан, бос уақытта тыныш жерде болғанды қалайды. Мысалы, серуендеуге орталық арбаттың орнына кішкентай саябақтарға барады.


10. Күрделі мәселелерді жеңіл қабылдаңыз

Қала тұрғыны әрқашан және әр нәрсені, әсіресе көңілсіз оқиғаларды немесе жағымсыз жағдайды күлкіге айналдыра береді. Апатқа түскен атасы туралы айтып отырып, міндетті түрде МАИ қызметкері туралы, қала жолдары, ондағы кәрі кісілер орны туралы ашық әзілін қосады. Десе де, бұл тасжүректілігінен емес. Қала тұрғынының пікірі бойынша, барлығын тым ауыр қабылдайтын адамның өмірі күрделеніп кетеді.

Суреттер artleo.com, hicosmo.com сайттарынан алынған