Қыздар: "Әкеме ұқсайтын жігіт керек"

Қыздар: "Әкеме ұқсайтын жігіт керек"

Нәзік жандылар қауымы болашақ жарының әкесіне ұқсағанын құп көреді деген кең таралған теория бар. Расымен де солай ма? Және оған не себеп болды?

Теория расымен де дәлелденген, бұл сөзге сенушілердің қатары да көп. Әрине, аруларымыздың 100%-ы мұнымен келісе қоймас, дегенмен, әкесінің қылықтары мен мінезі ұшырасатын жігітті іздейтіндердің бар екендігін ауыз толтырып айта аламыз.

Неге олай? Бірнеше себеп бар:

– Сіздің өсіп-жетілу кезіңізде көз алдыңызда әрдайым бір ғана еркек жүрді. Ол – әке. Оның анаңызбен қарым-қатынастары да сізге үлгі болатын. Тіпті, басқалай қарым-қатынастың болатындығын білмей де бойжеттіңіз.

– Әкеңіздің сізге деген көзқарасында махаббат толы болатын. Және ылғи да махаббатпен жауап беретінсіз. Сол себептен де, оған ұқсайтын жігітті іздеп жүрсіз. Керек десеңіз, әйелдің көбі осы себеп үшін ұратын, қорлайтын күйеулерін тастап кете алмайды. Олардың анасы да әкесін тастаған жоқ қой...

– Әкеңіздің барлық әдеті мен артықшылықтары сіз үшін үйреншікті нәрсеге айналған. Ондайда өзіңізді қалай ұстау керек екендігін де білесіз. Сондықтан, әкеңізге ұқсайтын жігітпен тез тіл табысып кете алатындайсыз, болашағыңызға сенесіз.

Алайда, бәрі де керісінше болуы мүмкін. Егер, әртүрлі себеппен әкеңіз екеуіңіздің арақатынастарыңыз жақсы болмаса, ондай жігіттерден аулақ болуға тырысасыз. Қалай болғанда да, жарыңыз екеуіңіздің өмір сценарилеріңіз дәл әкеңізбен арадағы оқиғаларды қайталайтын болады. Еркектің аты еркек. Мұның алдын алу үшін қазірден бастап әкеңізбен арадағы қиындықтарды шешіңіз, анаңыздың ақылына құлақ түріңіз немесе психолог кеңесіне жүгініңіз.

Ал сіз жарыңыздың әкеңізге ұқсағанын қалайсыз ба?

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com