Сүйгеніңіз тым қызғаншақ болса...

Сүйгеніңіз тым қызғаншақ болса...

Бүгін қызық болды. Жігіттер болып таңертең жұмысқа мәз болып келдік. Алдымыздан майысып ұжымның қыздары күтіп алды. Шай дайындап қойыпты. Басында аңтарылып қалдық қой. Бұл арулардан мұндай сый-қошемет дегенді көрмеп едік. "Материал, жаз, материал жаз" дегеннен басқа ештеңе білмейтін қыздарға не болғанын түсіне алмадық. 

"Бақсақ, бақа екен" демекші, бүгін сәрсенбі екен ғой. Яғни біздің қыздарға базына айтатын күніміз. Содан қыздар былай деді: "Жігіттер, біз бір қиын жағдайға тап болдық. Сүйгендеріміз тым қызғаншақ. Минут сайын телефон шалып, қанымызды ішті. Осыған байланысты бізге кеңес беріңдерші". 

Несі бар, атасы арзан жел сөзі аяймыз ба? Ал, айтайық, тыңдаңдар, аяулы арулар.

Құдайларың бастарыңа салып, жандарыңызға тым қызғаншақ жігітті байлап қойса, амал нешік? Көнгеннен басқа не істемекшісіңдер? Көнесіңдер...

Бірақ... Жігіттеріңнің кейде ұстап қалатын қызғаншақтығын тудырмаудың амалы бар... Сол туралы рет-ретімен айтып көрейік.

1. Интернеттен жазылған хаттарды өшіріп жүріңдер. Жігіттерің тым қызғаншақ болса, пошталарыңды тесік-тесігіне дейін тексеретіндігіне күмандарың болмасын. Міндетті түрде шаңын қағып, майын сығып, бөтенмен құрған сұхбаттарыңның үтір-нүктесіне дейін біліп алады. Сондықтан алдын ала сақтық танытып, бөтен жігітпен құрған әңгімелеріңді дер кезінде өшіріп отырыңдар, айналайындар.

2. SMS-теріңді бірден өшіріп отырыңдар. Құдай-ау, қыздар-ай! Кейде бөтен жігітпен танысуға көңілдеріңнің ауатынын білеміз. Ода күмандарың болмасын. Тек солармен алмасқан SMS-теріңді дер кезінде өшіріп отырыңдаршы. Арқасы бар жігіттерің көріп қалса, біттік дей беріңдер. Құрыған жерлерің сол. 

3. Есімдерді өзгертіп жазған дұрыс. Біреумен SMS алмасып жүрсеңдер, есімдерін телефондарыңа дәл солай сақтау ойларыңа кіріп шықпасын. Мысалы, есімі Берік болса, Бакуля деп сақтау ерекше ақылдылықты талап етеді деп ойламаймыз.

4. Жігітіңнің көзінше бөтенмен сөйлеспе. Бұл туралы алдыңғы базынамызда да айтып едік. Сүйгеніңіз ерекше қызғаншақ болса, бұл кеңестің маңызы одан сайын арта түспек. Сөйлеспек түгілі, бөтеннің көзіне қарай көрмеңдер. 

5. Ұялы телефондарыңды мойындарыңа іліп жүріңдер. Біздің бір ортақ таныс жігітіміз бар еді. Сүйген қызы телефонын көтермегенде: "Соткаңды мойныңа байлап жүр", - деп ұрсып еді. Сол сөзді біз де қайталаймыз.

Ұялыңыздың шырылын естімей қалып, қоңырау жауапсыз қалып қойса, сіздерді іздеп үйлеріңізге полиция қызметкерлері келіп тұрса, таң қалмаңыз. Ең болмағанда, дос қыздарыңыздың мазасы қашып, жұмыс орныңызға да қоңырау шалынары анық.

P.S. Қыздар, айтпақшы... Түйенің жүнінен жасалған жіп мықты болады деп естіп едік. Естеріңізде бола жүрсін...)

сурет: mail.ru