Ұстазыма не сыйлаймын?

Ұстазыма не сыйлаймын?

Оқу жылы күні кеше ғана басталған секілді еді, міне, мұғалімдер күні есіктен сығалап үлгерді. Бұл күн – біреулер үшін қарапайым күндердің бірі болғанымен, кейбір оқушылар мен студенттерге, ата-аналарға ерекше орны бар мереке. Мереке ұстаздың қадіріне жеткен, ұстазын сыйлайтын адамдарды бейжай қалдырады деп ойламаймыз.

Сіздің мұғаліміңізге арналған көңілді жібітер ыстық тілектеріңіз бен жағымды сыйлықтарыңыз дайын ба? Қалай? Әлі ойланбадыңыз ба? Ендеше, біздің кеңестерімізді оқыңыз да, дүкенге қарай асығыңыз.

Мектеп оқушысы болсаңыз, ұстазыңызға қолдан әдемі ашық хаттар мен жылтыр қағаздардан сүйкімді естелік заттар жасауыңызға болады. Шын жүректен шыққан сыйлықтың орны қашанда бағалы болмақ. Алайда, көпшілігіміздің қолымыздан ондай заттар жасау келмейді немесе мүмкіндік пен уақыт жоқ. Мұндайда, дүкеннен аса қымбат емес, бірақ, ұстазыңызды қуанта алатын сыйлық таңдап көрейік.

Ең қарапайым нұсқа – тәтті шоколадтар мен кәмпиттерді және бір шоқ гүлді ала салу. Келісіңізші, бұл жаттанды әрі іш пыстырарлық сыйлық емес пе? Ол гүлдер бірнеше сағаттардан соң солып қалады, ал кәмпиттеріңіз... Айтпаса да түсінікті. Сондықтан басқа жолын қарастырған жөн.

Ең ұтымды нұсқа – мұғалімнің өз кәсібінде пайдаланатын, саласына аса қажетті бұйымды алу. Мерекенің өзі соны айтып тұр, 8 наурызбен не жаңа жылмен салыстырып жүрмеңіз. Бұл – ұстаздар мерекесі.

Мұғалімге сыныптың атынан немесе жеке өзіңіздің атыңыздан сыйлық жасауды жоспарласаңыз, төмендегі тізімнен керегіңізді таңдаңыз:

Тіл мұғаліміне – сөздіктер (өзі беретін сабаққа байланысты: ағылшын, орыс тілі, француз тілі т.б), қазақ тіліндегі синонимдер, фразеологизмдер т.б. сөздігі;

Математика мұғаліміне – мынадай ерекше сағаттар немесе сапалы калькулятор, формулалар жинағы;

Биолгия мұғаліміне – ерекше, таңғаларлық бөлме өсімдігі, үлкейткіш әйнек немесе микроскоп;

География мұғаліміне – глобус, карта т.б;

Сынып жетекшіге хабарландырулар немесе туған күн иелеріне құттықтау жазатын арнайы тақта жасатсаңыз артық емес, жайлы орындық пен қабырға сағаттары да жарайды.

Тарих мұғаліміне – белгілі бір тұлғаның өмірбаяны жинақталған немесе тарихи кітаптар, Қазақстанның, дүние жүзінің картасы;

Әрбіріміздің ардақ тұтып, ерекше жақсы көретін ұстазымыз болады. Біз оған қарап бой түзейміз, айтқандарын екі етпей орындаймыз, өзгелерге қарағанда үлкен құрмет көрсетеміз. Солай ғой? Сіздің сүйікті мұғаліміңіз бар ма? Сіз ол мұғалімді жақсы білгендіктен, сыйлықты да жақсы таңдай аласыз және ешкімнің кеңесін қажет етпейсіз. Дегенмен, ешбір нұсқа жоқ болып тұрса, төмендегі кеңеске бір көз жүгіртіп өтіңіз:

Мұғалімге тиянақты орындаушы ұнайды: оның дәрістері жазылған диск;

Мұғалім классикалық әуендерді ұнатады: филармониядағы концертке билет;

Мұғалім театр жанкүйері – жаңа қойылымға билет;

Мұғалім тағам дайындағанды ұнатады – мәзірлер жинағы немесе пісіруге арналған бірнеше формалар;

Мұғалім тігін тіге алады: тігуге арналған жинақ;

Кофе – оның сүйікті сусыны, жұмыстан шаршағанда міндетті түрде ішеді.

Кеңсе заттарына ешбір мұғалім "жоқ" демейді. Оның есімі жазылған қаламсап бен қойын дәптерге қалай қарайсыз? Студенттерімен, оқушыларымен бірге түскен суреттерін бір альбомға жинап, сыйға тартсаңыз, алғысын аласыз. Алғашқы ұстазыңызға не сыйлайтыныңызды шештіңіз бе? Бір шоқ гүлді қоса алуды ұмытпағайсыз.

Аквариумдағы балықтар немесе ұлттық нақыштағы бұйымдар кез келген мұғалімнің көңіл күйін көтере алады.

Ал мүлде сыйлық алмайтын ұстазыңыз үшін арнайы қабырға газетін жасап, ыстық тілектер жазып, бірге түскен суреттеріңізді жабыстырып қоюға әбден болады. 

Бастысы – сыйлық немесе сыйлықтың бағасы да емес. Сіздің оған деген шын көңіліңіз бен ақ ниетіңіз. Өзінің еңбегін бағалап, сыйластыққа ие болған ұстаздың арманы жоқ деп білеміз.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: trud.ru, vkoem.kz