Жаным, сүйем сені...

Жаным, сүйем сені...

Жігіттеріміздің қыздармен ара-қатынасы туралы ой-әңгімелеріне жауап жазып отырғалы талай аптаның жүзі болды... Кейбір сұрақтары қайдағы жоқ нәрселер туралы болса, кей ойларының жаны бар екенін еріксіз мойындауға тура келеді. Кешегі жазған мақалаларында жігіттер қыздардың қарым-қатынаста белсенді болмайтындығына қатты қапаланыпты (!!!) Көкейлеріне жиналып қалған сұрақтары да көп көрінеді. Айтпақшы, мына мақалалар пікірталасын да жігіттердің бірінші жазғаны кездейсоқтық па екен? Ал ендеше осы мақалада бар белсендігімізді көрсетейік...

Ер кісі әйел затынан жоғары тұрады деген ұстаным қайда қалды? Бұрынғы заманнан халқымызда дінге, ділге байланысты қалыптасқан бұл қағида естеріңізден қалай шығып кеткен? Үйлеріңіздегі төрде отыратын бас кісі - әкелеріңіз емес пе? Отбасыларыңыздың үлкені - ақ сақалды аталарыңыз емес пе?  Немесе матриархатты қалағандарыңыз ба? Мына заманда ер кісіге жүктелетін шаруалардан қорыққандарыңыз ба? Олай болмас, жігіттер. Ердің аты ер. Оның өзіндік міндеттері мен құқықтары бар демекші, ердің басты парызы өз әйеліне барлық жағдайда қамқор болу. Жейтін нанын тауып, өмірдің әр сәтінде сүйіктісіне арқау болатын жігітке не жетсін, шіркін!
Қыз деген қызғалдақ, шын сүйсең солмайды. Жігіттер-ау,  қыздар нәзік жандар ғой. Біз махаббатты, қамқорлықты қалаймыз. Шын сезімді тілеп, өмірімізді соған арнаймыз. Сіздерге көмек көрсетіп, күтуге бар уақытымызды бөлеміз. Әлбетте қыздар махаббат сезіміне жігіттерден көбірек назар салады. Шын сүйсек, күні-түні сіздерді ойлап, жүрегімізден алыстатпаймыз.  Ал жігіттер басқа... Жұмыста отырған жігітке "Жаным сол, қалайсың?" деп смс жазсаң, "Қолым бос емес, кейін хабарласамын" деген жауап аласың. Осыдан кейін қандай смс, қоңыраулар туралы айтуға болады?  Тектен-текке көңіл-күйімізді түсіреміз... 
Ал жақсы, біз бірінші көз қысып,  бірінші көңіл білдірейік делік. Бірінші смс жазып, қоңырауды да бірінші шалайық. Бұндай шамадан тым белсенді қыздан неше күннен кейін шаршап кетер едіңіз? Артыңыздан қалмай, кездесулерге шақырған қыздан екі қолыңызды төбеңізге қойып безіп кетпеймін деңізші!
Кездесулер деген бөлек әңгіме ғой. Кездесулерде бөлісіп төлеуді намыстарыңызға қол суғушылық деп ойлайсыздар. Ал қыздың толықтай төлеп бергенін тіпті дөрекілік деп санайсыздар. Сіздің қалта жағдайыңызды білмеген соң, қалайша кино не шаңғы тебуге шақырамыз? Амал қанша, қол қусырып сіздердің ұсыныстарыңызды күтіп отырамыз. Сонда да, шақыратын жерлеріңіз сол баяғы кино ғой... 
Ал ең бастысы, жігіттер - мына мәселе. Сіздердің табиғаттарыңыз қыздардың белсенділігін емес,  көптігін қалайтын сияқты. Бұны біле тұра, біз сіздерден сыпайы көңілмен, инабатты, ибалы әрекеттерімізбен жаулап алуға тырысамыз.

P.S. Әй жігіттер, мына жерде бір мәселені ұмытқансындар-ау. "Неліктен біз  "Сені сүйемін" деген сөзді бірінші болып айту керекпіз?" деп сұрамапсыздар. Қайдам, әлде осы сөзден зәре-құты қалмай қорқатын жігіттер бұны да бізден күтті ме екен? 

a. aaa