Жаным, тұтқаны көтерші

Жаным, тұтқаны көтерші

Осы уақытқа дейін қыздарға талай базынамызды айтып, ішіміздегіні ақтарып келе жатсақ та, сол шердің шетіне жете алар емеспіз.

Кеше ғана ұжымдағы жігіттер болып шай ішіп отырып, әңгіме-дүкен құрдық. Сондағы сұрақ мынау. Неге жігіттер әрқашан бірінші болады? Ер азаматтың үйдің басшысы екендігіне күмәніңіз бар ма? Әлбетте, жоқ! Ендеше, неге біз арқашан бірінші қадам жасауға тиіспіз? Басқаша айтсақ, арада орын алған түрлі оқиғаларды, проблемаларды шешу неге алдымен біздің мойнымызға жүктеледі?

Қыздар, бәрін рет-ретімен түсіндірейік пе? Олай болса, кеттік.

Мысалы біздер сіздермен танысып, бір-бірімізді ұнаттық делік. Ара-қатынастың орайы анық болып тұрса да, осы тұста біздердің бірінші болып қадам жасауымыз міндетті болып есептеліп жүр. Ұнатып тұрған жалғыз біз емес екендігіміз анық қой. Сонда да алғаш болып қадам жасау ойларыңызға кіріп шықпайды-ау. Неге? 
Жігіт пен қыздың алғашқы кездесуден кейінгі жағдайы туралы хабардар боларсыз. Сіздермен бір кафеде кездесіп, таныс болып, бір-бірімізді ұнатқандығымыз белгілі болды, мысалы. Осы кездесуден кейін сіздер қайта хабарласып, хал-жағдайымызды сұрауды мойындарыңызға алмайтындарыңыз анық. Әлбетте, тағы да баяғы біз. Қолымызға соткамызды алып: "Қалайсың Пәленшегүл (Пәленшенұр, Пәленшежан), үйіңе қалай жеттің? Ұйқың тыныш болсын, қайырлы түн" деп СМС жазуға мәжбүр боламыз. Осыны дұрыс деп есептейсіздер ме, сонда?

Арада түрлі кикілжіңдер орын алып, түсінісе алмай қалған кезде иненің жасуындай кінәміз болмаса да, көңілдеріңді аулап, кешірім сұрайтын тағы біз. Неге?  

Енді мына қызыққа қараңдар, айналайындар. Біз осы сіздерге телефон шалғанда, тұтқаны неге бірден көтермейсіңдер? Төрт-бес гудоктан кейін әрең көтеріп сызыласыңдар. Осыны әдейі істейсіңдер ме? 

Кездесіп, қыдыру туралы ниет әрқашан біздің тарапымыздан болатыны айтпаса да түсінікті. Бір телефон шалып: "Жаным, киноға барып қайтайық" немесе "Шаңғы теуіп келейік" деп өлсеңдер де айтпайсыңдар. Оларыңмен қоймай, біздің ұсыныстарымызды ұнатпай, еркелейсіңдер. Неге? Жауаптарың бар ма, қыздар?

P. S. Әзірге осымен тоқтай тұрайық. Осы сөздерден нәтиже шығарарсыңдар деген үмітіміз бар. Тек бір күні телефон шалып: "Жаным, үйленуге қалай қарайсың?" деп тұрмасаңдар болды.