Елу теңгенің кереметі

Елу теңгенің кереметі

Жоғары оқу орнын жаңа тәмамдаған студент қыз бір компанияның есігін қақты. Бухгалтер мамандарын жұмысқа алу хабарландыруы бойынша келгендігін айтты. Жазбаша емтихан берді. Өтті. Бірақ шығармашылық емтиханында бойжеткеннің бетін қайтарды. Өйткені, бұл компанияға қызмет тәжірибесі мол адамдар керек еді. Бұған бола сүлкіні түсіп, күдері үзілмеген қыз емтихан жауаптысынан: «Маған тағы бір рет орай беріңіз, жазбаша емтиханды да сынап көрейін» деп қайта-қайта өтінеді. Емтихан жауаптыларын мазалай берген соң, бойжеткеннің талабына амалсыз келісімдерін береді. Нәтижеде, бойжеткен жазбаша емтиханнан тағы да іркіліссіз өтеді де, кадрлар қызметіне жауапты директордың алына келеді.

Жазбаша емтиханнан ағалап алға шыққан осынау бойжеткен директордың назарын айырықша аударады. Алайда, оның ешқандай қызмет тәжірибесінің жоқ екенін, тек жоғары оқу орнында студенттер ұйымының қазына істерін басқаруға жауапты болғанын естігенде, директор сәл суынып қалады. Мүлде қызымет тәжірибесі жоқ біреуді қазына бухгалтериясына қызметке қабылдау компанияның ережесіне қайшы еді. Сосын директор сөзін доғаруды ойлады: «Бүгін осы араға дейін болсын! Егер қабылданып жатсаң, өзім телефон шалып хабарын айтамын» деді. Бойжеткен орнынан түрегеліп, директорға ілтипат білдірді де, жан қалтасынан елу теңге алып шығып: «Мейлі қабылданайын, не қабылданбайын, қалайда, телефон соғып құлаққағыс ете салыңыз» деді. Мұндай жағдайды күтпеген директор бір ауық аңтарылып тұрып: «Менің қабылданбағандарға хабар бермейтінімді қалай білдің?» деп сұрады. Сонда бойжеткен салған жерден: «Сіз жаңа қабылданып жатсаң хабарласамын дедіңіз, демек, бұл қабылданбағандарға телефон соғылмайды деген сөз емес пе?!» деді.

Балдырған қызға тіптен аңсары ауған директор: «Егер компаниямызға сені қызметке алмасақ, саған телефон соғуымыздың қажеті қанша?» деп сұрады.

«Талаптарыңызға сай келмеген кемшіліктерімді атап көрсетсеңіздер. Бұдан кейінгі ілгерлеуіме себі тиер деген ойдамын...» деді бойжеткен.

«Онда, мына елу теңге...»

«Компания жұмысқа қабылданбағандарға бола телефон соғып, ақысын төлеп шығындар болмайды. Бұлай істеу мекеменің ережесіне қайшы. Сондықтан, мен телефон ақысын алдын ала төлеп тұрмын. Сөзсіз телефон соғыңыз!» деді бойжеткен сыңғырлай күліп.

«Елу теңгеңді қайтарып ал. Мен саған телефон соғып, әуре болмаймын. Қазірдің өзінде-ақ, компанияға қабылдандың!» деді директор жымиып.

Міне, осылайша, бойжеткен елу теңгемен табыс есігін ашты.

Шындығына келгенде, зер сала ойлансаңыз, бұл тым қарапайым қағида. Бойжеткен ә дегенде-ақ тұмсығы тасқа тигенімен, жазбаша емтиханға қатысуды талап етіп, алған бетінен қайтпады. Демек, бұдан оның мұқалмас жігерін аңғарамыз. Өйткені, қазына қызметін басқару өте еселі шаруа. Бұл жұмысты төзімділігі мен қажыр-қайраты болмаған адам, тыңғылықты істей алмайды. Бойжеткен қызмет тәжірибесінің жоқ екенін ашық айтты, бұдан оның адал жан екенін көреміз. Адал болу ақша қызметімен айналысушылар үшін аса маңызды шарт. Ол қабылданбаған күнде де, өзгелердің өзіне пікір беруін үміт етті. Міне, бұл оның ержүрек, жауапкершілікті білетін, талаптанғыш рухын әйгіледі. Қызмет атаулыны шашау шығармай тындыру мүмкін емес, әркімнен де азды-көпті қателік кетеді. Алайда, тоқмейілсіп, масаттанған қызметкер ешқандай жерге симайды. Телефон ақысын өз қалтасынан шығаруы бойжеткеннің жалпы мен жекені айыра білетін үздік тәрбиесін бейнеледі. Міне, бұл қазына-финанс қызметіндегі кем болса болмайтын ерекшелік.

Елу теңге үздік сапа мен өскелең адамгершілікті әйгіледі. Адамгершілік пен сапа кейде қызмет тәжірибесінен де маңызды саналмақ.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: mycoins.ucoz.ru 

M. Auelkhan