Ата-анаң үшін мақтан

Ата-анаң үшін мақтан

Ата-аналарымыз үнемі бізді айтып мақтанып жатады. Жұрт таңғаларлық ештеңе тындырмасақ та, солай. Әр ата-ана үшін өз ұлдары мақтаныш. Бірақ біз олардың атын айтып, мақтанып көрдік пе?! Оларды мақтаныш еттік пе?!

***

Бұрыннан бері, ата-анам мені мақтаныш ететін. Кішкене кезімнен сабақты жақсы оқыдым. Ата-анаммен бірге жүргенімде, үнемі басқалардың мақтауы мен сүйінішін еститінмін. Әр жолы басқалардың таңдайларын қаға: «Бұл сенің ұлың ба? Не деген сүйкімді, өзі зерек екен. Биыл тағы сыныпта бірінші болыпты деп естідім» деген мақтауларын естігенде, әкем мейірлене басымнан сипайтын. Сол кезде маған оның бүкір белі мақтаныштан жазылып кеткендей, ал шешемнің жүзіндегі әжімдері де біржола жоғалып кеткендей болатын. Кейін, университетке түстім. Әр айда телефон шалып, әке-шешемнен ақша сұрағанымда, титтей де жасқанбайтын, қынжылмайтын едім. Өйткені оларды бір-ақ сәтте атақ-абыройға ие еткен – менмін. Мен әйгілі университеттің шақыруын тапсырып алған кезден бастап, әке-шешемнің еңсесі ел-жұрттан әлдеқайда биіктеп кетті. Олардың аты аталғанда өзгелер «Иә, білемін, білемін! Олардың ұлы шет елдегі әйгілі университетте оқиды емес пе?» десетін. Оқу бітіріп, елге оралған соң, шетелдік компаниялар қаржы қосқан ірі серіктікте істедім. Әдеттегі кеңсе қызметкері болсам да, менің ауызымнан шыққан жұмысқа қатысты «мәртебелі сөздерді» естігенде, ата-анамның жанарында маған деген сүйініш менмұндалап тұратын. Әрине, өзгелердің баласы мендей бола алған жоқ. Мен үшін мақтанбай қайтсын?! Сөйтіп, мен өз отбасымның қожасына айналдым. Үйде қандай жұмыс болса да, әкем алдымен маған телефон шалып, ақыл сұрайтын. Пікірім кейде дұрыс болмай жатса, олар өз көзқарастарын ақырын ғана білдіретін. Мен оларды барып тұрған ескішіл, сырт дүниеден хабарсыз, құдық түбіндегі бақа сияқтысыңдар деп жазғырғанымда, олар ұлымыздың айтқаны жөн. Қалай да бізге қарағанда көкірегі ояу, көзі ашық қой. Бір амалын осы табар дейтін де, айтқаныма көнетін.

Олардан ешқашан қымсынып та көрген емеспін. Қызметтестерімнің алдында ата-анамды тілге тиек еткен жоқпын. Өйткені олар өте қарапайым, ауыл адамдары ғой. Ал мен сәулетті қалада, дәулетті жерде тұрмын. Мен үшін олар төмен жіктегілер деп намыстанатын ем.

Бірде біздің кеңсеге жаңа қызметтесіміз ауысып келді. Тез-ақ шүйіркелесіп кеттік. Ол үнемі шешесін әңгімеге арқау ететін. Анасы жайлы айтқанда, сөздерінен мақтаныш лебі есетін. Ол шешем асқан сұлу, он саусағынан өнер тамған, ауыл әндерін тамаша шырқайды дейтін... Біз оның ауылдан келгенін білетінбіз. Алайда, оның суреттеуінен назарымыздағы әйелдің бейнесі бірте-бірте өзгере бастады. Тіпті сұлу, келбетті ана елестейтін.

Бір күні сол қызметтесіміз үйіне дәмге шақыра қалды. Ауылдан шешесі келген екен. Бізге сол кісіні көрсетпек. Бірақ мен оның шешесін көргенімде ішімнен «Жаман неме! Бөседі-ақ екенсің» деп сыбап алдым. Оның шешесі – кәдімгі ауыл адамы. Күнге күйген әжімді жүзі тотыққан. Қатқан қайыстай қара кемпір. Бізді көргенде ұялды ма кім білсін. Аман саулықтан соң, әлденелерді міңгірлеп, ас үйге жүгірді. Ал ол шешесін қайта алып шығып, бәрімізді асықпай таныстырды да анасын мейірлене құшақтап қойды. Ас келіп жатқанда да, қайта-қайта «Шешем жақсы кісі ме екен, шешемнің қолы дәмді ме екен?» деп сұрады. Біз жеген тамағымыздың таңдайымызға татымағанына қарамастан «Иә» деп бас изестік. Қызметтесіміз біздің онша жақтырмай отырғанымызды сезді де, шешесі ыдыс-аяқ жуып, ас үйге кеткен кезінде:«Сіздер білмейсіздер! Шешем жас кезінде жесірліктің тауқыметін көп тартты. Ауыл тұрмысының жесір әйел үшін қаншама ауыр екенін жақсы білесіздер ғой. Алайда ол ешкімге алақан жайған жоқ. Қос қолына сүйеніп, мені университетке дейін оқытты. Оның шаршадым, қажыдым деген сөзі естіп көрген емеспін. Осындай ананың болғанын мен мәңгі мақтаныш етемін» деді.

Біз үнсіз қалдық. Мүмкін  бәрі дәл осы сәтте өз ата-аналарын ойлап кетсе керек. Біз олардың бізге үй, машина алып бермегеніне, ақша бермегеніне, жақсы қызмет тауып бере алмағанына өкпелейміз. Ал енді келіп олар бізді мақтаныш етуі керек, біз оларға атақ-абырой алып бердік деп шіренеміз. Алайда біз қашан ата-аналарымызды мақтаныш етіп көрдік?!

Сол күні кеште қаладағы жалға алып тұратын үйіме бармай, қала сыртындағы ата-анамның қасына қайттым. Жұмысқа шыққан соң, бұл үйді қорашсынып, қаланың қақ ортасынан пәтер жалға алғанмын. Мені көрген шешем қуанғаны сонша, бар дәмдісін алдыма жайып, қайта ас әзірлеуге кірісті. Ал әкем аяғымды жуатын су жылытып, асты-үстіме түсіп, бәйек болып жүр.

Үнсіз отырдым да, көзіме жас алдым. Тидаусыз кетіп есірген көңілімді, көсемсіп ақыл айтқан сәттерімді, жасы егделеп қалған ата-анамды қорашсынған мінезімді ойлап, өкіндім. Кешіріңіздер мені! Мен шынында білімді емес, керісінше, қуыс кеуде біреу екенмін. Олар мені қаншама жыл мақтаныш етіп келді. Енді олар менің мәңгілік мақтанышым болуы керек! 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: elarna.com

Қ. Қауымбек