Қырыққабаттың қай түрі пайдалырақ?

Қырыққабаттың қай түрі пайдалырақ?
Фото: pixabay.com

Қырыққабат көкөністерінің құрамы мен қасиеттері бір-біріне ұқсайды. Алайда, әр түрінің өз ерекшелігі бар. Қырыққабаттың кең таралған түрлерінің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар және қайсысы пайдалырақ екенін зерттеп көрейік.

Ақбас қырыққабат
Бұл әлемдегі ең көп тараған қырыққабат. Оның құрамында өте сирек U дәрумені бар. Сол дәруменнің арқасында ақбас қырыққабаттың шырынын асқазан және аш ішек жарасын емдеуде қолданады. Сонымен қатар, бұл қырыққабат ең арзаны және қыс бойы жақсы сақталады.

Ақбас қырыққабат құрамындағы С дәруменінің мөлшері бойынша алда тұр. Ақбас қырыққабатта басқа мынадай пайдалы заттар бар:

- жүйке жүйесіне пайдалы В тобының дәрумендері;
- жүрек-қантамырлар жұмысына және асқорытуға көмектесетін РР дәрумені;
- көзге маңызды А дәрумені;
- бүйрекке тас түзілуінің алдын алатын және артық сұйықтықты шығаратын кальций, калий, магний және темір;
- зат алмасуды реттейтін сүт қышқылы;
- ұмытшақтық (склероз) дамуының алдын алатын "холин" деген зат.

Савойя қырыққабаты
Бұл "бөтен елден келген" көкөніс алғаш рет Франциядағы Савойя графствосында өсірілген. Қырыққабаттың бұл түрінде өсімдік ақуызы мен жасұнық көбірек. Құрамында жасұнық мөлшері көп болғандықтан, оны асқазан аурулары бар адамдарға жеуге тыйым салады.

Оның құрамында А, B, С, E, PP дәрумендері және калий, магний, фосфор, марганец, темір, тиамин және рибофлавин минералдары бар.

Пекин қырыққабаты
Бұл қырыққабаттың басқалардан айырмашылығы оның ортасында өзегі жоқ. Ақбас және Пекин қырыққабатының құрамы бір-біріне қатты ұқсайды. Алайда Пекин қырыққабатында қанды тазартатын лизин амин қышқылы көбірек. Онда А, В2, В6, В9, Е, РР және К дәрумендері бар.

Ендеше, қай қырыққабат пайдалырақ?

Ашытылған қырыққабат! Кореялық ғалымдар мынадай шешімге келген: балғын көкөністе бар дәрумендерден бөлек ол ашытылған кезде тағы да жаңа дәрумендер түзіледі. Сонымен қатар, ашыту кезінде бөлінген шырында көптеген пайдалы биологиялық белсенді компоненттер бөлінеді екен.

Ал балғын қырыққабаттың арасында ең пайдалысына ақбас қырыққабатты жатқызады: себебі оның құрамында С дәрумені көп және ол ұзақ сақталады. Ақбас қырыққабатты ашыту да оңайырақ.

Қырыққабатты таңдауда және сақтауда қажет болатын бірнеше кеңес ұсынамыз:

- Дүкеннен оның жасыл және қатпаған түрін таңдаңыз: қырыққабат жас болған сайын ол пайдалы бола түседі. Сонымен қатар, пісіп кеткен қаудан құрамында көбірек нитрат болуы мүмкін;
- Егер тамыры бар қырыққабат сатып алған болсаңыз, сақтардың алдында оны кесіп тастаңыз. Сол кезде ол жылдам кеуіп кетпейді;
- Қырыққабатта дақ, жырық және қара нүктелер болмауын қадағалаңыз. Олар саңырауқұлақпен зақымдалғанда пайда болады;
- Ашытқан қырыққабат сатып алған кезде оның түсі ашық сары және дәмі қышқыл болуын тексеріңіз. Егер қанттың дәмі шығып тұрса, оны ашытудың орнына сірке суын қолданған болуы мүмкін. Қырыққабат қаншалықты ірі етіп туралған болса, ода пайдалы заттар соншалықты жақсы сақталады;
- Қырыққабатты суықтау жерде сақтаңыз. Оны тоңазытқышта сақтау міндетті емес, бастысы, температура нөлден төмен түспегені жөн;
- Қырыққабатты беті жабық контейнерде сақтамаңыз: ол шіріп кетуі мүмкін;
- Савойя қырыққабаты – голубцы, Пекин – салат, ал ақбас – тұздау және борщ дайындауға жақсы келеді.

А. Жапатова