Алмұрттан дәм татыңыз...

Алмұрттан дәм татыңыз...

Алмұрт - иісі жұпар, тәтті дәмі бар, пайдасы мол жеміс. Бұл жемістің пайдалылығы ертеден-ақ белгілі болған.

Алмұрт ағашы әуелі Ежелгі Қытай жеріндегі Кунь-Лунь тауында пайда болған. Қытай халқы алмұрт «ұзақ ғұмыр мен үлкен махаббаттың нышаны» деп есептеген. Алмұрт ағашының діңгегі қатты, тамырлары терең және ол жүз жыл жасайды. Мереке күндері олар бір-біріне піскен жеміс немесе алмұрт ағашының бұтақтарын сыйға тартқан. Сондай-ақ, ертеде алмұрт «нәзік жеміс» деп атаған. Себебі, ол пішіні жағынан әйел затының сыртқы келбетіне ұқсас келеді.

Ежелгі Грекияда алмұрт сый-құрмет белгісі болған. Гректер алмұрт жемісін «Құдайлар асы» деп атаған. Себебі, алмұрт ағашы биік әрі бұтақтарын кең жайған.

Алмұрт тек махаббат, нәзіктік, сыйластық белгісі ғана емес, денсаулық нышаны да болған. Ертеде алмұрт ағашының жапырақтарымен дене жарақаттарын таңған, ал жаңа жемістен жас босанған келіншектерге «күш жинасын» деп дәм таттырған. Уақыт өте келе алмұрт жемісін ғалымдар тереңірек зерттеп, оның құпиясын аша білген.

Алмұрт тәтті болғанымен, оның құрамындағы қант мөлшері алма, өрік сияқты жемістерге қарағанда аз. Оның құрамында А,В,С,Р,РР дәрумендері, органикалық қышқылдар, фитонцид, флавоноид, каротин кездеседі. В9 дәрумені (фолий қышқылы) ағзадағы қан айналымды жақсартып, иммунитетті күшейтеді. Ал А дәрумені, аскорбин қышқылы және кальций жүрек ауруларының алдын алып, сүйектердің қатаюына жол ашады.

Алмұрт – суық тию, өкпе және қан тамыр аурулары кезінде таптырмайтын ем. Жүйке жүйесі және ас қорыту жұмысын жақсартады. Алмұрттың бірқатар сорттары йодқа бай. Сондықтан алмұртты йод тапшылығына душар болған жандар күнделікті пайдаланғаны жөн.

Бүгінде емдік қасиетке бай алмұрт ағашының жапырақтары мен дәнін кейбір дәрілерге қосады. Кепкен алмұрт жемісімен қант диабеті, бауыр, бүйрек, өт, жүрек және инфекциялық ауруларын емдейді.

Алмұртты көп мөлшерде аяғы ауыр келіншектер, емізетін аналар және балалардың пайдаланғаны жөн. Себебі, жеміс құрамындағы калий сүйек, тырнақ, шаш өсімін жақсартып, қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін көбейтеді. Ал артық салмақтан арылғысы келетін жандар күніне 3 стакан алмұрт шырынын (не кепкен жемістерден қайнатылған компот) ішкені абзал.

Есіңізде болсын!

  • Піспеген алмұртты ешуақытта пайдаланбаңыз.
  • Қарт адамдарға қатты әрі қышқыл алмұрт сорттарын пайдалануға болмайды. Себебі, оны асқазан ұзақ қорытады (есесіне өзге ішкі ағза мүшелеріне зақым келеді).
  • Алмұрттан дәм татқан соң, су ішуге, ыстық тамақпен ауқаттануға болмайды. Сондықтан да алмұртты ауқаттан соң, пайдаланыңыз.
  • Алмұртты аш қарынға жеуге болмайды. Оны түскі ас мәзіріне қосқан жөн.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: montinyak.ru,  jivilegko.ru

Ғ. Ұзақ