Массагеттен мәзір: Саңырауқұлақ қосылған спагетти

Массагеттен мәзір: Саңырауқұлақ қосылған спагетти
Фото: massaget.kz

Кей кездері уақыттың аздығынан етсіз не тез пісетін тамақ әзірлегіміз келеді. Сондайда  ойымызға ештеңе келмей жатады. Тез дайындалатын әрі тойымды тағамды саңырауқұлақтан жасауға болады. Бүгінгі материалда саңырауқұлақ пен баклажаннан дайындалатын спагеттидің жасалу жолын ұсынамыз. 

Қажетті азық-түлік:

- 250 гр саңырауқұлақ;
- 3 баклажан;
- 1 пияз;
- 50 гр ірімшік (міндетті емес); 
- аскөк;
- 300 гр "ұя" спагеттиі;
- 50 гр кілегей майы;
- тұз, қара бұрыш. 

Саңырауқұлықты орташа көлемді төртбұрышты етіп тураймыз. 

Баклажанды да орташа көлемді төртбұрышты етіп тураймыз. 

Пиязды ұсақтап тураймыз.

Ірімшікті (сыр) үккіштен өткіземіз.

Аскөкті ұсақтап тураймыз.

Табаға 2-3 ас қасық кілегей майын салып, отта қыздырамыз.

Табадағы май еріген соң, туралған пиязды салып, аз уақыт қуырамыз.

Одан соң, пияздың үстіне саңырауқұлақты саламыз. Оған дәміне қарай тұз бен қара бұрыш саламыз. Табаның қақпағын жауып, бұқтырамыз.

Келесі табаға да кілегей майын ерітіп, баклажанды қуырамыз.

Баклажанның көлемі кішірейіп, толық піскенше баяу отта қуырамыз. 

Қазанға су қайнатып, оған 1 ас қасық өсімдік майын, тұз және спагеттиді салып, 10 минут қайнатамыз.

Саңырауқұлақ салынған табаға піскен спагеттиді салып, жақсылап араластырамыз.

Оған піскен баклажанды салып, тағы да жақсылап араластырамыз.  Отты өшіреміз.

Тамақты піскен бетте дастарқанға ұсыну қажет. Спагеттиді тәрелкеге салып, ірімшікпен және аскөкпен безендіреміз. Ыстық тамаққа ірімшікті салған кезде аздап еріп, тамаққа ерекше дәм береді. Астарыңыз дәмді болсын!

А. Жапатова