Массагеттен мәзір: Алма қосылған бәліш

Массагеттен мәзір: Алма қосылған  бәліш
Фото: massaget.kz

Алма қосылған бәліш кез келген жерде және әр уақытта сұранысқа ие. Оны дайындау қымбатқа шықпайды. Бәліштің дайындалуына 1 сағаттай уақыт кеткенімен, нәтижесіне көңіліңіз толады. 

Қажет азық-түліктер:

- 1 кг алма;

- 150 г ұн;

- 120 г қант;

- 100 г сүт;

- 1 лимон қабығының үгіндісі;

- 1 шай қасық даршын;

- 1 шай қасық қопсытқыш;

- тұз;

- 3 жұмыртқа;

- 30 г кілегей майы.

1 кг алманы жуып, қабығын ашып, тазалап аламыз. Алманы тең жартыға бөліп, суретте көрсетілгендей, жіңішке жарты дөңгелек етіп тураймыз.

 Туралған алмаларды ыдысқа салып қоямыз.

Келесі ыдысқа ұн, даршын, қопсытқыш және аздап тұз салып, барлығын жақсылап араластырып, дайындап қоямыз.

 Ыдысқа жұмыртқаны және қантты салып, миксермен араластырамыз.

Оған сүт құйып, тағы да араластырамыз.

 Жоғарыда дайындап қойған ұнды толықтай салып жібермей, аз аздап салып, араластырып отыру қажет.

 Содан соң, туралған алмаларды және лимон қабығының үгіндісін саламыз.

 Барлығын жақсылап араластырамыз.

Қаңылтыр ыдысқа пергамент қағазын жайып, оған кілегей майын жағып, дайын қамырды құямыз. Бетіне суретте көрсетілгендей кілегей майын кесектерге бөліп, қойып шығамыз. 2 ас қасық қант сеуіп шығыңыз. 180 градуста қыздырылған пеште 50-55 минут шамасында пісіреміз. 

 Пештен алған соң, ыдысында 10 минут ұстаймыз. Содан соң ыдыстан түсіріп, толықтай суығанша күтеміз.

Алма қосылған бәлішіміз дайын. Ас болсын!

А. Жапатова