Қанттан бас тартуға 5 себеп

Қанттан бас тартуға 5 себеп
Фото: rudaki.ru

Ең алдымен, қанттың денсаулыққа аса зияны жоқ екенін айтқымыз келеді. Бар мәселе, бүгінгі таңда оның барлық азық-түліктің құрамында болуында. Тіпті күнделікті тұтынатын сүттің де құрамында болады. Ал оны көп мөлшерде тұтынған сайын, қатты шаршап, артық салмақ жинаймыз, ашуланшақ болып, күйзеліске түсуіміз де ғажап емес. Екіншіден, сіз қанттан түбегейлі бас тарта алмайсыз.

Оны жақсы көретіңізден бөлек, ол барлық тағамның құрамында бар. Десе де шайды қантсыз ішіп, денсаулығыңызға күтім жасай аласыз. Назарларыңызға шайды қантсыз ішудің 5 түрлі пайдасын ұсынамыз.

1. Күш-қуатыңыз арта түседі. Көп адам көңіл-күйі болмаған кезде қант қосылған шай мен тәтті бәліш жейді. Кейбіреуі энергетикалық сусындарды таңдайды. Шындығында, мұның барлығы керісінше бізді қатты шаршатады.

Сіз тәтті тағам жеген кезде қандағы глюкоза мөлшері көбейіп, күш-қуатыңыз арта түскендей боласыз. Алайда әсері 15 минуттан соң өтіп кетеді. Артынша қайтадан қатты шаршағаныңызды сезіп, ашуланасыз. Мұндай жағдайды болдырмау үшін шайды қантсыз ішкен жөн.

2. Салмағыңыз тұрақталады. Тәтті бірнәрсе жеген соң оны қайтадан жей бергіңіз келеді. Ғалымдардың, қант есірткіге тәуелділікті арттырады дегені бекер емес. Барлығы қанттың тәбетті ашатынын жақсы біледі. Сондықтан таңдау еркі тағы да өзіңізде.

3. Ішектеріңіздің жұмысы 2 есе жақсарады. Қант – зиян, ал жасұнық – пайдалы. Егер тәтті тағамдарды жеміс-жидекпен, көкөніспен алмастырып, шай мен кофені қантсыз ішетін болсаңыз, ас қорыту мүшеңіз сізге алғыс білдіреді.

4. Тәтті тағамдардан бас тартасыз. Қантты жеген сайын оны көп мөлшерде талап етесіз. Нәтижесінде денсаулығыңызға қауіп төнуі бек мүмкін. Құдды есірткі секілді. Ләззат алу үшін мөлшерін көбейте түсу керек. Ал егер шай мен кофені қантсыз ішетін болсаңыз, печенье, вафли, бәліш сынды тәтті тағамдарды аз жейтініңізді байқайсыз. Арада бірнеше ай өткен соң торттың дәмі тым тәтті болып көрінеді.

5. Теріңіз сауығады. Безеу мен қара дақтардан арыласыз. Бірнеше айдан кейін жақпа май, бальзам дегендерді аз мөлшерде сатып алатын боласыз.

Жақсы әдеттерді жылдам қалыптастыра білсеңіз, соғұрлым табысқа ерте қол жеткізесіз. ДДҰ адамдардың тәулігіне желінуі тиіс калорияның 5% ғана қант болуы керектігін айтады.

Аздан бастаңыз. Күнделікті қандай тағамдарды жеп, ішетініңізге мән беріңіз. Олардың құрамындағы қант мөлшері қандай? Есіңізде болсын: жаңа тамақтану тәртібіне үйрену үшін 3 апта уақыт қажет.

Қ. Бүйенбай