Алматыда бешбармақ сайысы өтеді

Алматыда бешбармақ сайысы өтеді

Жақында елдің түкпір-түкпірінен жиналған 16 аспаз бешбармақ дайындаудан жарысқа түсетін болады. Бұл азаматтар қыркүйек айында басталатын КТК арнасындағы "Бешбармак-шоу" бағдарламасында бағын сынамақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайысқа қатысушылардың арасында Байқоңыр қаласында өмір сүретін украин ұлтының өкілі мен алматылық корей қызы бар екен. Және, әрине өзіміздің қазақ аспаздар да бар өнерін салатын болады.

Шоудың жүргізушілері әрі дегустаторлары ретінде әнші Нұрлан Абдуллин мен актриса Райхан Калиолдина таңдалыпты. Тағамдарды, сонымен қатар басқа да шоу-бизнес өкілдері мен кәсіпқой аспаздар сынап, бағалайтын болады.

Сайыс қатысушылары ұлттық тағамды әзірлеуге қажетті азық-түліктерді Алматыдағы базарлардың бірінен таңдап, сатып алады. Өнерімен көзге түсіп, үздік аспаз атанып, елді сүйсінткен жеңімпазға автокөлік сыйға тартылмақ.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: myjulia.ru