Қарбыз қабығынан жасалған тосап жеп көрдіңіз бе?

Қарбыз қабығынан жасалған тосап жеп көрдіңіз бе?
Фото: gemrielia.ge

Дана халқымыз «қыстың қамын жазда ойла» дейді. Қыстың қақаған суығында тәтті тосап пен жылы шай ішкенді бәріміз де жақсы көреміз. Әсіресе құлпынайдан, шиеден, таңқурайдан жасалған тосаптардың дәмі тіл үйіреді. Бірақ осы күнге дейін қарбыз жемісінің қабығынан жасалған тосапты жеп көргендеріңіз бар ма? Біз бүгін сіздердің назарларыңызға қарбыз қабығынан дайындалатын тосаптың жасалу жолын ұсынғымыз келіп отыр.

Ол үшін сіздерге төменде берілген ингредиенттер керек:

- 1-2 килограмм қант;
- 3-3,5 стақан су;
- 1 лимон;
- кішкентай қалташа ваниль өсімдігі.

Жасалу жолы:

Қарбыз қабықтарын алып, сыртындағы жасыл қабықшаларын кесіп тастап, қалғанын кішігірім бөліктерге бөліңіз. Әр бөлікті шанышқымен түйреп, сода ерітіндісіне малыңыз (3 шай қасық соданы 3 литр салқын сумен араластырыңыз). Болған соң төрт сағатқа қалдырып, кейін мұздай сумен шаюды ұмытпаңыз.

Судан және қанттың жартысынан шәрбат қайнатып, оның ішіне қабықтарды салып, қайнағанын күтіңіз. Шамамен баяу жанып тұрған отта 20 минуттай тұрғаны дұрыс. Қайнатып болғаннан кейін сөндіріп, сегіз немесе одан да көп сағаттқа қалдырыңыз. Бірақ мұнымен бітпейді. Оны қайтадан қайнатып, қалған қантты қосып, 20-30 минут оттың үстінде ұстап, тағы сегіз сағат сақтаңыз. Ал үшінші рет қайнатқанда, күңгірттеу күйге түскенше қайнатыңыз. Қарбыз қабықтары сықырлап тұруы керек. Егер суы аздау болып көрінсе, бір стақандай қайнаған су құйыңыз. Соңына қарай лимон және апельсин қабығының үгіндісін қоссаңыз болады.

Бір лимонның шырыны және ваниль қосып, суығанын күтіңіз. Содан соң құты ыдыстарға салып, салқындау жерде сақтаңыз. Дайындау жолы көп уақытыңызды алады. Алайда нәтижесі сізді таң қалдыратынына күмән тудырмаңыз.

Ж. Исакаев