Болгар бұрышы - жаздық көкөніс

Болгар бұрышы - жаздық көкөніс

Тәтті бұрышты болгар бұрышы деп атау дәстүр болып кетті, алайда көкөністің нағыз Отаны Орта және Шығыс Америка. Бұрыштың қызыл, жасыл, сары, сарғыш-қызыл, тіпті қоңыр, күлгін, қара түрлері бар екен.

Көкөністің құрамындағы С дәрумені туралы айтпасқа болмайды. Бұрыштың 30 граммы осы дәруменіндегі күнделікті қажеттілікті қанағаттандырады екен. Бір ғажабы болгар бұрышынындағы пайдалы қасиеттер оны пісіргеннен кейін де сақталады. Сондықтан бұл көкөніс аспаздардың арманы десе де болады.

Тіскебасарлар мен салаттар

Болгар бұрышынан әзірленген салаттар бұрыштың түсіне байланысты өте әдемі болып көрінеді. Қызыл түсті бұрыштың дәмі басқаларына қарағанда тәттірек, ал жасылы кішкене ащы болады. Салатты пайдалы қыламын десеңіз, оны қаймақпен араластырған дұрыс. Себебі бұрышта көп болатын А дәрумені тек маймен бірге сіңіріле алады. Сондай-ақ салаттарды өсімдік майларымен, сондай-ақ сірке суымен араластырып берген дұрыс.

Ыстық тағамдар

Болгар бұрышынан жасалынған ыстық тағамдар жұпар иісімен ерекшеленеді. Салындысы бар бұрыштар - танымал тағамдардың бірі. Жазда, көкөністің бар кезінде, оны тіпті кез келген ыстық тамаққа қосып, дәмін келтіруге болады. Пиццаға салынды ретінде мінсіз келеді.

Болгар бұрышы консервілеуде көкөністердің арасында бірінші орынды алары сөзсіз. Лечоның түрлі мәзірлері қазірде елімізде өте танымал.

Болгар бұрышы жаздық көкөністер арасында ең пайдалы, ең дәмділердің қатарына кірері сөзсіз. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: starkist.com

С. А