Таңғы астың пайдасы

Таңғы астың пайдасы
Фото: horde.me

Көптеген адам таңғы асын ішпестен оқуына, жұмысына асығып, кетіп қалады. Бірі «тәбетім жоқ» десе, бірі уақыттың аздығын айтып ақталады. Таңғы ас туралы осыдан өзге сан түрлі пікір де бар. 

1. «Таңғы ас ішпесем, арықтаймын» деп ойлайтын адамдар баршылық. Негізінде таңертең тамақтанбасаңыз, түскі ас уақытында екі есе тамақтанатын боласыз. Демек, калория саны да көбейеді.

2. «Ботқа, нан жесем, семіріп кетемін» деген де пікір бар. Ал шындығында, жарма неғұрлым ірі болса, соғұрлым пайдалы. Оның құрамында протеин, В тобының дәрумендері, кальций, темір мен талшық мол. Сұлы ботқасы холестерин деңгейін төмендететіндіктен, ең пайдалы тағам саналады.

3. «Таңғы асты дайындауға уақыт кетеді» деген сылтау тағы бар. Бірақ таңғы асты нан, сүтті тағам мен жармадан тез арада дайындауға болады. Сұлыны бір стақан сүтпен араластырып немесе дайын йогуртты жеп, жұмысқа кете беруіңізге болады.

4. «Дәрумен және минералды дәрі ішсем де жеткілікті» деген ұстаныммен өмір сүретін адамдар бар. Таңғы астың орнына үнемі дәрумен ішу қауіпті. Мысалы темір дәруменін үнемі ішетін болсаңыз, ол тінде (ткань) жиналып қалады. Тамақтың орнын дәрумен не жай су ішумен бассаңыз, ағзаға талшық жетіспейді. Мұндай өмір салты ісік секілді ауыр сырқатқа жеткізуі мүмкін. Сол себепті дәрі-дәрмектің орнына сұлы ботқасын, дәмді тоқаш, қара өрік немесе қайнатылған жұмыртқа жеп, жүрек жалғап алыңыз.

5. «Таңертең тәбетім жоқ, өзімді тоқ сезінемін» деген қатарға жатасыз ба? Мұның арты күйзеліске апаруы мүмкін. Артық салмақтың себебі – таңғы астан бас тарту.

Жоғарыда аталған себептерді ысырып, күнде таңертең тамақтануға дағдыланыңыз. Бірнеше аптадан соң өзіңізді жеңіл сезінетініңізді байқайтын боласыз.

Ал сіз таңғы ас ішесіз бе?

Ф. Абилова