Массагеттен мәзір: Үй жағдайында дайындалған KFC

Массагеттен мәзір: Үй жағдайында дайындалған KFC

KFC мейрамханалар желісінің не екенін мен айтпасам да білетін шығарсыздар. Алғашында АҚШ-та құралған фастфуд мейрамханасы біздің елімізде де бар. KFC-дің үй жағдайында қалай дайындалатынын айтпас бұрын, оның қысқаша тарихымен таныстырып өтейін.

Аталған компанияның негізін қалаушы Гарлан Сандерс 1890 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келген. Оның балалық шағы қатарластарынан өзгеше болған. Көп балалы, қаражаты жеткіліксіз отбасында өскен. Әкесі отбасын бағу үшін Генривилль қаласында фермерлердің майда тапсырмаларын орындап жүрген. Ал анасы балалармен ғана айналысуға мәжбүр болғандықтан, үй шаруасымен ғана айналысқан.

Барлық қиындық Гарланның әкесі қайтыс болған соң басталған. Ол осы сәтте небары 6 сынып оқушысы еді. Ерте есейіп, өзінен жасы кіші іні-қарындастарына қарайлайды. Қанша жерден бойында арындаған таланты болса да, мектеппен 6 сыныптың өзінде қош айтысады. Артынша фермада жұмыс істеу үшін Гринвуд қаласына аттанады. Ал анасы екінші рет тұрмысқа шығып, балаларына көп көңіл бөлмей кетеді. Ақылы толасқан бала ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көрмей 15 жасында трамвай кондукторы болып жұмысқа орналасады. Арада 1 жыл өткен соң қатардағы сарбаз ретінде Кубаға аттанады. 1 жылға жетер-жетпес уақыт болғанда әскерден шығып, теміржол компаниясына от жағушы болып тұрақты жұмысқа тұрады. Қалтасында қаражаты пайда болған соң Клавдия есімді қызға үйлену туралы ұсыныс жасайды. Екеуі шаңырақ көтергеннің алғашқы күнінде-ақ жұмыстан шығып қалады. Басынан қиын-қыстау сәт өтіп жатқан кезде әйелі үнемі жанында болып, сенім артады.

Гарлан 40 жасқа дейін түрлі мамандық ауыстырады. Аз ойланған соң өзі дайындаған тауықтарды өзге мейрамханаларға сата аламын деген ойға келеді. Американың өзге қалаларына деген сапары басталады. Осылайша 60 жылдардың басында жүздеген АҚШ мейрамханаларының сұранысына ие болады. Полковник "Kentucky Fried Chicken" компаниясын жекеменшік инвесторларға өткізуді жөн көреді. Қазіргі таңда аталған мейрамханалар желісі 50 елде бар. Мұнымен қатар түрлі рецептісі де таралған. Соның бірін назарларыңызға ұсынамын.

Үйдегі екі бауырым әр сенбі келген сайын жағымпазданып үй жинап, күнделіктерінің бестікке толғандығын көрсете бастайды. Мұның астарында KFC мейрамханалар желісіне "жолдама" алу ойы жатқаны маған мәлім. Олардың жеуге құштар бұл тағамын өзім де жақсы көремін. Оның қалай дайындалатыны қызық болып, интернет парақшаларын ақтара бастадым. Нәтижесінде төмендегідей мәзірді таңдадым.

Ең алдымен, қажетті азық-түлікті түгендеп алайық. Олар:

- Ұн;

- өсімдік майы;

- "чим-чим" атты кәріс дәмдеуіші;

- крахмал;

- чили;

- паприка;

- тұз;

- тауық қанаты;

- жүгері қауызы;

- тауық етіне арналған кептірілген нанның ұнтағы;

- су.

Үй жағдайында әркім түрліше дайындайтындықтан, азық-түліктің нақты мөлшерін жазбадым.

Сондықтан шұңғыл табаққа тауық қанатының мөлшеріне сай өзіміз жетерлік деп тапқан ұн саламыз.

Тұз қосамыз.

Ас қасық паприка саламыз.

Ас қасық чили бұрышын саламыз.

Ас қасық "чим-чим" дәруменін қосамыз.

Барлығын қосқан соң араластырамыз да, тауық қанатын өңдейміз.

Ұн мен дәмдеуіштердің үстіне қоюланғанша су құямыз. Үстіне тауық қанаттарын саламыз. 3 сағат көлемінде осылай қалдырамыз.

Айтпақшы жүгері қауызының құрамында қанты жоғын таңдағанымыз абзал.

Оны майдалап үгітіп, үстіне ұн қосамыз.

Артынша 3 сағатқа қалдырылған тауық етін үгітілген жүгері жармасына шылаймыз.

Шыланғандарды тарелкаға саламыз.

Тауық қанаттарының келесі жартысын арнайы тауық етіне арналған кептірілген нан үгітіндісіне шылаймыз.

Барлығы дайын болған соң қуырамыз.

Төменгі суреттегідей қызарғанша жақсылап пісіреміз.

KFC фастфудымыз дайын. Астарыңыз дәмді болсын! Және тауық қанаты мен ұн мөлшері көп болған сайын, соғұрлым дәмдеуіштерді де арттыра түсуіміз керектігін ұмытпайық.

Сурет: massaget.kz

Қ. Бүйенбай