Массагеттен мәзір: "Бехи дымлямасы"

Массагеттен мәзір: "Бехи дымлямасы"

Дымляманың не екенін білесіз бе? Шынымды айтсам, кешегі күнге дейін оны өзім де білмедім. Жақын күндердің бірінде ауламызға Өзбекстан елінен отбасы көшіп келді. Қонақжай отбасы барлығымызды шақырып, осы тамақты ұсынды. Дәмінің тіл үйіргені соншалық, бірден Гүлсім ханымнан оның қалай дайындалғаны туралы сұрап алдым.

«Дымляма» сөзі өзбек тілінде «бұқтыру» деген мағынаны білдіреді. Яғни ет пен көкіністердің бұқтырылуы арқылы дайындалатын тағам. Оны бұқтыру үшін міндетті түрде судың қажеті жоқ. Қысқасы көруге шыдамыңыз жетсе, оның қалай дайындалатынын төменгі суреттер арқылы біле аласыз. Бұл тағамның түрлі дайындалу әдісі бар екенін бірден айтамын. Егер оның басқа әдістерін білсеңіз, ұсынуыңызға болады. Ал біз бүгін «Бехи Дымлямасын» жасаймыз.

Дайындалу уақыты – 120 минут.

Қажет ингредиенттер:

  • Қойдың құйрық майы;
  • Пияз;
  • Алма;
  • Қой қабырғасы;
  • Тұз;
  • Қызанақ;
  • Тәтті балғар бұрышы (үгітілген);
  • Қара бұрыш;
  • Сәбіз;
  • Сарымсақ.

«Бехи Дымлямасының» дайындалуы:

Өзім қойдың майын мүлдем ұнатпаймын. Әдетте анама оны тамаққа қоспайық деп жалынамын. Бірақ оның дәмі бұл тағамда өзгеше. Үлкенірек етіп турап болған соң оны қазанның түбіне орналастырамыз.

Қой майының үстіне пиязды саламыз.

Артынша қой қабырғасын саламыз.

Тұздап, зере себеміз. Қалауымызша бұрыш қосамыз.

Қайтадан бір қабат пиязды тіземіз. Оны арасын ашып салуға болады. Менікі қаз-қатар тізілген сарбаздай болып қалыпты. Қызанақ тамақта еріп кететіндіктен, оны барынша үлкенірек етіп тураған жөн.

Үстіне қызыл бұрыш қосамыз.

 Тамақ тойымды болу үшін үйде бар көкөністің кез келген түрін қосамыз.

Қызанақтың үстіне үлкен етіп туралған сәбіз саламыз.

Алманың ортасын тазалап, ең үстіне орналастырамыз. Алманы айва жемісімен алмастырсаңыз, бұдан да дәмді болады. Бехи дегеніміздің өзі айва жемісі.

Сарымсақтың мұртшасын кесіп қабығымен саламыз.

Дайындалуы 120 минут деген кезде шошып кеткен шығарсыз. Алайда ол 120 минуттың ішінде өзге жұмыстарыңызды да бітіріп алуыңызға болады.

Табаққа дәл осылай саламыз. Бұл тағамның бір ерекшелігі – қазанның түбінде қалатын шырынында. Әдетте ол шырынды тағамды дайындаған адамға немесе құрметті қонаққа береді. Мен дайындаған дымляманың сусыны суретке түсіруге көмектескен бауырыма бұйырды. Оның бір тамшысының өзі тіл үйіреді. Астарыңыз дәмді болсын!

Бұған дейін айва жемісімен дайындап көрген болатынмын. Алмамен де жасап көруге болады, алайда айва жемісімен одан да дәмдірек болатынын байқадым. 

Аяулы ханымдар, егер өзгелермен бөліскіңіз келетін рецептілеріңіз болса, менің поштама (karliga_93_43@mail.ru) жолдауларыңызға болады. Оларды қуана-қуана жасайтын боламыз. 

Қ. Бүйенбай