Салқын сусындар

Салқын сусындар

Шуағын жайған жаз мезгілінің аптап күндерінде шөлімізді бастыратын таптырмас шешім - салқын сусындар. Ыстығымызды басатын керемет салқын сусындарды дүкен сөрелерінен сатып алғанша, үйден істеуге әбден болады.

Лимонад, морс, суық шай, шырын мен компот... Жаздың аптап ыстығында осыларға қол жеткізу үшін барымызды беруге даярмыз. Жаз - жеміс-жидектер, көкөністер, хош иісті шай түрлерінің молаятын кезі болатындықтан, олардан керемет сусын түрлерін әзірлеуге болады. 

Суық шай. Қара немесе көк шәйға лимон және қант қосылып әзірленеді. Шайдың суығанын күтуге, не бірнеше кесек мұз қоссаңыз болады. Лимон орнына қалауыңызша қалампыр немесе жалбыз салыңыз.

Морс. Кез келген тосапқа салқын қайнақ суын қосып істелінетін бұл сусын жаз мезгілінде ерекше салқындату эффектісіне ие.

Жидек немесе гүл шайлар. Жидек шайлары денсаулыққа өте пайдалы, ерекше хош иісті болады. Жеміс-жидектердің құрғатылған қақтары қосылған, не иісін келтіретін жұпар ароматизаторлар қосылған шайлар шөлді жақсы басады. Мысалға раушаннан жасалатын каркаде шайы суыған кезде, шырындардан бетер дәмді әрі пайдалы болады.

Компот. Кішкентайымыздан дәмі таныс, кептірілген жемістерден әзірленетін сусын жемістердің суда қант қосылуымен қайнатылып әзірленеді. 

Кисель. Жеміс-жидектер шырыны, тосаптар мен тіпті сүтке картоп не жүгері крахмалы қосылу арқылы әзірленетін бұл тәтті сусын жаз мезгілінде ерекше пайдалы.

Айран мен газдалған минералканың қосындысы. Дәмі шалап пен саумалға келетін бұл сусынның шөлді қандыру қасиеті жоғары. Газсыз минералкамен жасағанда су татып кететінін ескеріңіз. Жасаған бойда, газы шығып кетпей тұрып, ішкен жөн. 

Сурет: wmj.ru

С. А