Таңғы асты тастамаңыз

Таңғы асты тастамаңыз

Кейбіріміз жұмысқа, сабаққа  асығып, таңғы асымызды ішпей кетіп жатамыз. Енді біріміз  семіріп кетеміз деп әдейі жемейміз. Ал басқалардың таңертең асқа тәбеті де болмайды. Осы секілді себептермен таңғы асты назардан тыс қалдырамыз. Алайда мамандардың пікірінше, таңғы ас біздің ағзамызға аса пайдалы, сондықтан оны тастауға болмайды.

Таңертеңгі асын тастамайтын адамның стреске қарсы тұру қабілеті жоғары болады деп есептейді дәрігерлер. Бұған қоса, таңғы ас мидың жақсы ден қоюына және ақпаратты есте сақтауға қажет. Таңғы асын тастамайтын адамдар көлік апатына сирек ұшырайтын көрінеді. Дәмді әрі пайдалы ас адамның еңбек қабілеттілігін шамамен 30 пайызға арттырады. Бұл зерттеулер арқылы дәлелденген. Сондықтан жұмыс күніңіз ауыр болса, үйден жақсылап тамақтанып шыққаныңыз абзал.                                              

Алайда, таңертең жақсылап тамақтануға көбіміздің тәбетіміз бола бермейді. Мамандардың пікірінше, бұның себебі – кешкі астың тым ауыр болуында және кеш желінуінде. Әрине, жатар алдында тойып тамқтанып алсаңыз, таңертең ораза ашу қиынға соғады. Сондықтан, кешкі асты ертерек ішкен жөн.                                                                                                                          

Өзіңізді таңғы асты ішуге дағдыландырудың тағы бір әдісі – таңғы жаттығу жасау. Әрине, оған уақыт қажет, бірақ бұл сымбатқа да, денсаулыққа да пайдалы әрі тәбетті ашады. Егер уақытыңыз тығыз болса, таңғы асты өзіңізбен бірге жұмысқа ала барыңыз. Жұмысқа жеткенше, қарныңыз ашып үлгереді.                                                      

Таңғы ас барынша мол пайда әкелуі үшін тағам өнімдерін мұқият таңдау қажет. Сусындардан жидек шырыны, минералды су, бір кесе қантсыз шай немесе кофе қолайлы. Сусын организмді оятуға әрі ас қорыту үдерісін бастауға көмектеседі.

Диетологтардың пікірінше, ең тамаша ас – ботқа. Сүт өнімдерін де назардан тыс қалдырмаңыз. Таңертеңгілік ішілген бір құты сүт немесе айран, желінген бір кесе сүзбе аса пайдалы В (жүйке жүйесі қызметін жақсартады), А (әлсіздікпен күреседі) тобы дәрумендерімен байытады.

Нанның пайдасы мен зияны жөнінде көпшілік арасында көптеген пікірталастар бар. Алайда мамандардың айтуынша, майды тым қалың жақпасаңыз, нанның ешқандай зияны жоқ. Артық салмақтан арылушылардың ірі тартылған ұннан пісірілген нанды таңдағандары жөн. Ал қуырылған жұмыртқа мен шұжықты аз жеуге тырысыңыз, оның пайдасы жоқ десе де болады. Жүгері қауыздары секілді дайын таңғы астардың да пайдасы аз. Оларда бағалы дәрумендер мен микроэлементтер бар, алайда осы пайдалы заттарға қоса, қантың да калориясы да мол. Әсіресе шоколадты және глазурлі қауыздардан сақтаныңыз.

Сурет: glenerininn.com

С. А