Раушан гүлінің құрбысы

Раушан гүлінің құрбысы

Қызыл түсті сәнді көйлек киген құлпынай атты "бикешті" сіз де жақсы көресіз бе? Әрине, мұрныңызды жарардай хош иісі, тіл үйірер дәмі, көз тартар көрінісі бар жидекті жақсы көрмеу мүмкін емес секілді. Ал сіз ол туралы не білесіз? Пайдасы мен зияны қандай? Тарих олар туралы не айтады?

Құлпынайдың пайдасы

Ғалымдардың айтуынша, құлпынай пісетін маусымда 10 келіден кем жемеу керек дегенді айтып отыр. Оның бір күндік нормасы 500 грамнан аспау керек. Ағзаны қоректендіру үшін осы қалып жеткілікті, басқалай болғанда ішек жолдарының құртылуына әкеліп соғуы әбден мүмкін.

100 гр құлпынайдың құрамында: 87 гр су, 7,5 көміртегі, 0,9 ақуыз, 0,3 май, 1,3 органикалық қышқылдар, 2,2 жасұнық болады. Құлпынай кальцийге, темірге, түрлі қышқылдарға, фосфорға, мырышқа, йодқа, В1; В2; В6; РР; А; Е; С дәрумендеріне бай келеді. 

Жидек имунитетті нығайтып, адамды авитаминоздан құтқарады, жүрек қан-тамырлар жүйесін қорғайды. Маусымында жеткілікті түрде жеп үлгеріп қалсаңыз, қыста тұмаудан құтыласыз. Құрамындағы көміртектер қан құрамындағы қантты көтермейтіндіктен, сахар диабетіне шалдыққан адамдарға жеуге рұқсат берілген. Жуырда құлпынайдың рак клеткаларының өсуін баяулататындығы анықталды.

Құлпынайдағы ондорфиндар көңіл-күйді көтере алады. Күнді жидекпен қарсы алу - зат алмасу жүйесін жақсартып, сергектік сыйлайды. Ұйқысыздықпен күресіп жүрсіз бе? Көмекке құлпынайды шақырыңыз, онымен бірге кешкі ас ішер болсаңыз, ұйқыңыз тыныш болады. Косметолог мамандарымыз да аталған жидекті ерекше ұнатады. Құрамында бал көп болғандықтан, онымен жасалған маскалардың теріге берер пайдасы орасан зор. Сіздерге құлпынаймен қалай тісті ағартуға болатындығы туралы кеңестерімізді мына жерде жазған болатынбыз.

Жапонияда құлпынай раушан гүлі секілді махаббаттың нышаны саналады. Ел аузында кең таралған мынадай аңыз бар: егер сізге егіз құлпынай тап болса, екіге бөліп, жартысын өз сүйгеніңе беру керек. Сонда сіздің басыңызға бақыт пен мәңгілік махаббат ұялайды.

Құлпынайдың зияны

Өкінішке орай, мұндай тамаша жемістің рақатын көру кез келгенге бұйырмаған. Жеміс қышқылдарының көп болу себебінен асқазан-ішек жолдарында ақаулары бар адамдарға абай болуға кеңес беріледі. Сондай-ақ, гастрит, бүйрек ауруларына, соқыршекке қатысы бар жандарға да шектеу қойылады.

Аллергиялық ауруларға бейім болсаңыз, оны сүтті тағамдармен бірге жеуге тырысыңыз. Аяғы ауыр әйелдердің де шамадан тыс жегені дұрыс емес. Екі жасқа толмаған сәбилерге құлпынайды мүлде беруге болмайды.


Қалай таңдаймын?

Жидек құрғақ, бүтін, бұзылмаған және оның құйрығы жасыл түсті (құрғақ емес, сарғаймаған) болуы керек. Және иісінің хош иісті болуын, түсінің қара-қызыл болуын қадағалаңыз.

Тарих беттеріндегі құлпынай

Құлпынай адамзат жақсы көрген ең алғашқы жидектердің бірі екендігін белгілі. Археологтар оның ұрықтарын тас ғасырының қорымдарынан тапқан. Бүлдірген немесе құлпынай мәдениеті ХV ғасырда басталды. Ал оны бақшада жерсіндіру ХVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында қолға алынған. Еуропалықтарға құлпынай Чилиден әкелінген. Чилиде тыңшылық қызмет атқарып жүрген офицердің тау арасында осы бір хош иісті жидектердің арқасында аман қалғандығы туралы аңыздар бар. Өзінің құтқарушыларына алғысы шексіз болған офицер оның көшетін отанына әкеліп, Париж ботаникалық бағына тапсырады. Бірнеше жылдардан кейін сұлу жидек әлемнің көптеген елдеріне тарап, халықтың ықыласына бөленеді. Бүгінде құлпынайдың бірнеше сорттары бар.

 

Суреттер:ideimalogobiznesa.ru,medweb.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева