Макияж жаққыштарын қалай жуу керек?

Макияж жаққыштарын қалай жуу керек?

Макияж жаққыштары мэйк-ап жасауды жеңілдететін құралдар. Олардың көмегімен макияжды кәсіби түрде жағып, жақсы нәтижеге жетуге болады. Алайда олар да күтім талап етеді екен.

Құртылған жаққыштың зиянының куәгері болмаймын десеңіз, оған қажетті күтім көрсетіп тұруыңыз керек. Жаққыштарды аптасына екі рет, ал ең дұрысы әр қолданғаннан кейін жуу қажет екен. Осылайша жаққышта микробтар қалмай, аллергиядан сақтана аласыз. 

Жаққыштарды немен жуу керек?

Дүкенде жаққыштар жууға арналған арнайы сұйықтық сатылады. Жаққыштарды осы сұйықтықпен жуған дұрыс. Артынан сумен шайып жіберіңіз.

Жаққышта қатып қалған қиын дақтарды макияж кетіретін сұйықтық көмегімен кетіре аласыз. Әрине бұл тәсіл арзан тұрмайды, алайда өте нәтижелі. 

Жаққыштарыңыздың сапасын құртпай жуа алатын тағы бір құрал - балалар сусабыны. Оның құрамында жағымсыз компоненттер болмайды. Демек аллергия қоздыру мүмкіндігі азаяды.

Реңк беруші крем жағатын жаққыш жиі жағдайда крем әсерінен майланып қалады. Артық майдан арылуға қарапайым ұн көмектеседі. Құрғақ жаққышты ұнға малып, артынан сабынды сумен жуып жіберіңіз.

Жаққышты дәл қазір тазарту керек болса, дымқыл сулықтар қолдануға болады. Жаққышты сулық кір болғанша сүрту керек.

Әрине жаққышты жай ғана сабынды сумен жуса болады. Алайда бұл әдіспен жаққыштағы бояу толық кетпей қалуы мүмкін.

Жаққышты тігінен қойып, құрғақ, ыстық емес жерде кептіру керек. Жылытатын құралдардың үстіне қоймаған дұрыс: жылу жаққыш талшықтарын құртады. Кепкеннен кейін жаққышты сілкіп, түгін түзулетіңіз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А