Арықтауға көмектесетін кей қулықтар

Арықтауға көмектесетін кей қулықтар
Фото: pixabay.com

Сырт келбеттің жарасымды, сымға тартылғандай сұлу болғанын барлық жан қалайды. Әсіресе бойжеткендер сұлу мүсінін сақтап қалу үшін түрлі жаттығулар, диета мен өзге де әдіс-тәсілдерді пайдаланып жатады. Осы орайда арықтаудың кей жолдары жайлы зерттеушілер пікіріне шолу жасай кетсек.

♦ Төлемді қолма-қол жасау

Қазір азық-түлік немесе тұрмысқа қажетті дүниелерді сатып алғанда қолма-қол төлем жасамайтын болдық. Банк картасы арқылы төлейміз. Ол үшін қосымша сыйлықақы да түседі. Әйткенмен төлемді қолма-қол жасаудың да пайдасы бар екен.

Адам қолындағы қаржысына қарай сауда жасайды. Барынша керегін алуға тырысады. Себебі қолында бар ақшасы соған ғана жетеді. Ал банк картасы арқылы төлеу - қалағаныңды алуға итермелейді. Картаңдағы ақшаң жетіп тұрса, неге ала салмасқа, иә?

Корнелл университеті (АҚШ) зерттеушілері банк картасы арқылы төлем жасаудың тағы бір зиянын алға тартады. Себебі бұлай төлем жасағанда адамдар 23% денсаулыққа зиянды тағамдарды сатып алады екен. Ал қолда ақша барда әр азық-түліктің сапасына көбірек мән беріледі.

♦ Тыныш жерде асықпай тамақтану

Мейрамханаларға бара қалсаңыз, бір әуен ойнап тұрады (қоңыр әуен, ойнақы емес). Талай өзіңіз байқаған да боларсыз. Фильм көргенде де дәл солай. Кей зерттеулер бойынша адам әуен ырғағына беріліп отырып тамақты тезірек жейді екен. Тамаққа деген тәбеті артып, тағы жегісі келеді. Расында солай болса, мұны маркетингтік бір жол деп қарауға болады.

Зерттеушілер тыныш жерде асықпай тамақтануға кеңес береді. Тағам сіңімді, әрі шамадан тыс көп жемеуге көмектеседі екен.

Қалаған тағамды арагідік жеп тұру

Мичиган университетінің (АҚШ) зерттеушілері диета бойынша тыйым салып жүрген, бір жақсы көретін тағамыңызды арагідік жеп тұруға кеңес береді. Әрине жиі емес. Бұл диетаны біржола бұзбауыңызға сеп болады.

♦ Сүт ішу

Канададағы МакМастер университетінің ғалымдары физикалық жаттығудан кейін бір стақан сүт ішудің арықтау үшін пайдасы зор екенін айтады. Олар жүргізген зерттеу бойынша дәл осылай жасаған адамдар 12 апта ішінде айтарлықтай салмақ тастаған.

♦ Қорқынышты фильмдер көру

Вестминстер университетінің (Ұлыбритания) сарапшылары қорқынышты фильмдер көру де арықтауға көмектеседі деген қорытындыға келген. Фильмді көру кезінде адамдар шамамен 180 калория жұмсайды екен. Адреналин калорияның жұмсалуына көмектеседі.

Ескерту: көрген фильміңізді ұмыта алмай, психикаңызға салмақ түсіретін болса, қарамаған жөн.

Адам аз қимылдау, тамақ құрамындағы майдың шамадан тыс көп болуы, эндокринды аурулар, мидың ауыр жарақаттануынан және кейбiр психикалық ауытқулар салдарынан артық салмақ қосады. Сондай-ақ семіздік тұқым қуалайды да.

Семiздік денсаулыққа өте қауіпті. Оған қоса, артық салмағы бар адамдар ауыр психологиялық қиындықтарға душар болады. Ал қоғам көбіне дене сымбатын жоғары бағалайды. 

Арықтаудың бұдан өзге түрлі жолдары да бар. Ең дұрысы, әрі бастысы денсаулығыңызды толықтай қаратып, арнайы маман кеңесіне құлақ асқаныңыз абзал.

Н. Үсенова