Гельді қаптамадан соң тырнақты қалпына келтіру жолдары

Гельді қаптамадан соң тырнақты қалпына келтіру жолдары
Фото: Reference Reference.com

Ультракүлгін шаммен кептірілген және гельді қаптамамен жасалған маникюр тырнақта 2-3 апта сақталады. Әрине, олардың ұзақ уақыт әдемі күйін жоғалтпай тұрғаны жақсы болғанымен, оны алдыртқан соң бойжеткендердің көбісі тырнақтың қабатқа бөлінуін, сынуын және жұқаруын байқайды. Гельді қаптамадан соң тырнақты қалпына келтіру жолдарын ұсынамыз.

Тырнаққа жағылатын гель – тырнақ пластинасының жоғарғы қабатына жабыстырылатын коллаген негізіндегі күрделі химиялық қосылыс. Гельді қаптаманы кетіру кезінде тырнақ пластинасының жоғарғы қабатымен бірге жұлынып алынады екен. Соған байланысты гельді қаптаманың қауіпсіздігі туралы пікірлер көп. Сондықтан мамандар гельді маникюрді үздіксіз жасатуға болмайтындығын айтады. Мысалы, тұрақты қаптамамен 2 маникюрден соң, тырнақты 3 ай демалту қажет.

Мерекеде немесе туған күнде гельді қаптамамен маникюр жасатсаңыз, одан соң тырнақтарыңызды қалпына келтіруді ұмытпаңыз.

Тамақтану
Емдік лактар мен маскалардан бұрын тамақтану маңызды кезең болып табылады. Гельді қаптаманы алдыртпай жатырып, майлы балық, жұмыртқа және ірімшік жеңіз. Олардың құрамындағы кальций – тырнаққа арналған құрылыс материалы.

Микроэлементтер
Құрамында темірі мен мырышы көп дәрумендер кешені – тырнаққа қажетті керемет көмек. Олар тырнақты тегіс етіп, алқызыл реңкін қайтарады.

Дәрумендер
С дәруменінің ағартатын эффекті болғандықтан, оларды маска ретінде қолдануға болады. Лимон, апельсин немесе грейпфрутті ботқа етіп езіп, тырнаққа жағып, сыртынан жарты сағатқа арнайы қолғап киіп алыңыз.

Желатин маскасы
1 стақан ыстық суда 1 ас қасық желатинді ерітіп, температура қолайлы болған кезде оған тырнақты батырып, 20 минут ұстаңыз.

Йод ваннасы
Йод ваннасын ұйықтар алдында жасасаңыз, таңертең оның түсі тырнақта қалмайды. 200 мл суда 2 ас қасық қарапайым тұз бен жарты ас қасық йодты салып, ерітіңіз. Ерітіндіге қолыңызды 15 минутқа салыңыз. Одан соң қолыңызды сумен шайып жіберіп, крем жағып қойыңыз. Мұндай ваннадан соң тырнақ өсе бастайды және құрылымы қалпына келеді.

Тырнағыңызды қысқартып қиып тастаңыз. Тырнағыңыз қысқа болса, оның қабаттануы азайып, сынуын тоқтатады. Сумен қатысты үй шаруасының барлығын 2-3 апта қолғаппен жасаңыз. Тырнақтарыңыз химиялық заттардан демалуы қажет. Тырнаққа арнайы май жағып, бекітуші лактар қолданыңыз.

А. Жапатова