Бет терісіне арналған маскалар

Бет терісіне арналған маскалар

Бетімізге үнемі күтім қажет-ақ. Кабинеттерде, үйлерімізде ауаны құрғатып, жылу пештерін, кондиционерлерді қосымша пайдаланамыз, тіпті әрқайсымыз  тәулігіне бірнеше сағат компьютердің алдында отырамыз. Оның да бет терісінің құрғауына, ескіруіне тигізер зияны мол. Ондай жағдайда, тері ылғалдылығын жоғалта бастайды. Сондықтан, жұмыс арасында сүт немесе көк шай ішіп тұруға, түскі үзілісте серуендеуге дағдыланыңыз.

Төмендегі маскалардың бет терісіне еш зияны жоқ /әдеттегідей көзіңіздің айналасына қолданбайсыз/, тек кешкілік 15-20 минут уақытыңызды бөлсеңіз жеткілікті.

Көк шайдан жасалған лосьон /сезімтал теріге арналған/: 1 шай қасық көк шайға, 2 тамшы эфир майын немесе раушан гүлі майын тамызып, жауып қоясыз. Бір тәуліктен кейін стаканмен ыстық  су құйып, 40-45 минутқа тұндырасыз. Дайын болған тұнбамен таңертең, кешке бетіңізді сүртіп отырыңыз. Лосоьонды  2-3 күнге дейін тоңазытқышта сақтауға болады.

Қырыққабаттан /капуста/ жасайтын маска:  негізі қырыққабат жапырақтары калий, магний, С дәруменіне бай.
Құрғақ теріге: Салқын суға жуылған қырыққабат жапырағын бетіңізге жапсырып қоюға болады. 15-20 минуттан соң алып тастайсыз.
Майлы теріге: Қырыққабат жапырақтарын үккіштен өткізіп, оған жұмыртқаның ағын араластырып, бетіңізге жағасыз, 15-20 минуттан соң, жылы сумен жуыңыз.

Сәбіз құрамында D, H, E, PP дәрумендері көп. Онымен қоса, эфир майы, кальций тұзы, фосфор, темір, йод та бар.
Бетті әрлейтін маска: Сәбізді үккіштен өткізіп, жұмыртқаның ағымен араластырасыз, одан кейін 1 шай қасық өсімдік майын, аз ғана мөлшерде крахмал қосып, бет терісіне, мойныңызға, арқаңызға  жағып, 20-30 минуттан соң, жылы сумен жуасыз.
Бет терісі жарыла бастаса, мына маска да көмегін тигізеді: піскен сәбізді өсімдік майымен араластырып, бетіңізге жағып, 10-15 минуттан соң, жуып тастайсыз.
Барлық типті теріге: Шикі сәбізді үккіштен өткізіп, шырынын бетіңізге жағып, бірнеше минуттан соң, салқын сумен жуып тастасаңыз, бетіңіз үлбіреп тұрады...

Алма. Алма құрамында С, В, дәрумендері, аминқышқылдар, флавоноидтар, минералды тұздар, микроэлементтер жетерлік. Олар адам терісіндегі қызыл бөртпелерді жоюға, тері қабатының тұрақтануына септігін тигізеді.
Солып кеткен бетке арналған маска: Алманы үккіштен өткізіп, бетіңізге толық жағыңыз да, 20 минуттан соң жылы сумен жуып, артынан салқын сумен шайыңыз. Ал бетіңіз майлы болса, осы қоспаға жұмыртқаның ағын араластырып, бірнеше тамшы лимон шырынын қосып, пайдаланасыз. Егер құрғақ болса, біраз мөлшерде қаймақ, жұмыртқаның сарысын, 1 ас қасық өсімдік майын, аз мөлшерде бал қосып, бет терісіне жағуыңызға болады. Артынан жылы сумен жуып тастайсыз.
Жасартатын маска: Үккіштен өткізілген алманы 1 стакан ыстық сүтпен араластырып, бетіңізге жағып, 20 минут көлемде ұстайсыз.
Ағартатын маска: үккіштен өткізілген алмаға жұмыртқаның ағын және аз мөлшерде крахмал қосып, бетіңізге жағасыз да, шамамен 20-25 минуттан соң, жуып тастайсыз.

Картоп. Картофель құрамы С,В1, В2, РР, К дәрумендеріне бай. Ас әзірлердің алдында картопты қабығынан аршыған кезде, қолыңызда нағыз әмбебап косметикалық құрал тұрғанын аңғармайсыз да. Ал картоп болса, беттегі бөрткеннің ушығуын тоқтатады, теріңізді қалыпқа келтіре отыра, ағартады, әжімдерді жояды.
Сезімтал теріге арналған лосьон: Таза, құрғақ теріңізді картоп шырынымен сүртсеңіз, әсері мол.
Барлық тері түрлеріне арналған лифтинг: бұл маска түрін Нобель сыйлығын алардың алдында дайындық үстінде швед ханшайымы пайдаланған деседі.  Жылы картоп езбесін /пюре/ бетіңізге,мойыныңызға жағып, аздап құрғағаннан кейін, бөлме температурасындағы сумен жуып,бетіңізге теріңіздің түріне сәйкес крем жағыңыз.
Ағартатын маска: картопты тазалап, үккіштен өткізіп, бірнеше тамшы өсімдік майын, 1 ас қасық сүт қосып, араластырып, бетіңізге жағасыз да, артынша 15-20 минуттан соң, жуып тастайсыз.

Лимон. Бет терім сезімтал болғандықтан, бойжеткен шағымнан осы лимонды өте көп қолданамын. Беттің ағаруына, ажарының кіруіне тигізетін әсері мол. 1 лимонды тоңазытқышта сақтап, 2-3 рет жасауға жеткізуге болады. Жуылған лимонның 1-2 тілім кесіп алып, бетіңізге шырынын жағасыз. 20 минуттан соң, жылы сумен жуасыз. 

Табиғи сұлулыққа жетер не бар?

Сурет: licomaska.ru

Автор: Гүлназ Орынғалиева

М. Оңғарова