Сән өтпелі, стиль тұрақты

Сән өтпелі, стиль тұрақты
Фото: Benapole News 24

"Сән өтпелі, стиль тұрақты". Иә, шын мәнінде сән қумай, талғаммен киіне білу – үлкен өнер. Әр көкөністің өзіне сай мерзімі бар. Дәл сол секілді әр киімнің де киілер орны бар. Киім таңдағанда өзгенің пікірінен гөрі өз көзқарасың құндырақ. Өйткені, саған үйлесетін бұйымды сенен артық ешкім білмейді. Сол үшін де өз имиджіңді өзің қалыптастыруға тырыс. Үстіңдегі киім жарасымды әрі талғамға сай болса, көңіл-күйің де көтеріңкі болады. Ең жақсы киім дене бітіміңнің артықшылықтарын айқындап, сәйкесінше, кемшіліктерін жасырып тұруы қажет.

Толық пішінге сай имидж – шарф, жаға немесе манжет. Ірі әшекейлерді тағу да жақсы үйлеседі. Қысқа немесе кең белбеулерден бас тартыңыз. Дененің толықтығын түстердің көмегімен де жасыруға болады. Мысалы, күңгірт жасыл, қара немесе теңіз толқынды түстер толықтықты жасырады.

Арық сымбатты болсаңыз ашық түсті киімдерді көбірек кигеніңіз жөн. Тым жабысып тұратын киімдерден аулақ болыңыз. Керісінше, өзіңізді еркін сезінетіндей киім болғаны жөн. Шілтерден немесе атластан тігілген көйлектер де артық етпейді. Белдемшенің ұзындығы тым ұзын да емес, тым қысқа да емес, стандартты болғаны абзал. 

Бойыңыз ұзын болса – үлкен ойықты, кең белбеуді, жағасы үлкен жейделер мен свитерлерді, көлденең қимасы бар бұйымдарды таңдаған дұрыс. Ақшыл түстер одан әрі бойды ұлғайтуы мүмкін.

Бойыңыз кіші болса – джинс, кардиган, шалбар, белдемше т.б. "casual" стиліндегі киімдерге әуестеніңіз. Көпшілігі трикотаж, ши барқыттан тігілетіні белгілі. Сол үшін де дене бітіміңізді ұлғайтып, бойыңызды сәл-пәл ұзындау көрсетуі мүмкін.

Кез келген жағдайда гардеробыңызда қара көйлек болғаны дұрыс. Сонымен қатар, әрбір топтағы киімдердің өзіне тән өлшемдерін біліп жүру керек. Шетелдік аналог, ресейлік стандарт, еуропалық өлшемдерді ажырата білу шарт.

Ә. Жутаева