10 қарапайым құпия

10 қарапайым құпия
Фото: www.jenny.gr

Күнделікті өмірде жұмыс істеу барысында қаншама әдіс-тәсілдерді жүзеге асырамыз. Тек оны өзіміз байқай бермейміз. Ал нәзік жандылар қауымы үшін қай істе болмасын пайдалы, нәтиже беретін әдіс-тәсілдер түрі маңызды. Назарларыңызға сондай әдіс-тәсілдер ретін ұсынамыз.

1. Ас ішетін қасық көз астына жағылып қалатын тушь іздерінен қорғай алады. Кірпікке тушь жағып тұрған кезде қасықты төменгі қабақтың астына ұстап тұрсаңыз болғаны. 

2. Көзіңіз ісіп тұрса, қабығы ашылған картопты алып, ортасынан екіге бөліңіз де, 10 минут көзіңізге басыңыз. Көздің ісігі қайтып, өң кіріп қалғанын байқайсыз.

3. Қазіргі кезде бетке жасалатын масканың неше түрлісі бар. Бірақ айраннан жасалған масканы бір жасап көрсеңіз, теріңізге одан артық күтімнің қажеті жоқ екенін түсінесіз. Оны дайындау үшін, екі қасық айран, бір ас қасық бал және жұмыртқаның сарысы қажет. Осы үшеуін жақсылап араластырғаннан кейін, таза бетке 18-20 минутқа жағып қою керек. Сосын бетті суық сумен шайыңыз. Айран маскасы бетті жақсы тазартады, қорғайды және теріні жақсы тыныштандырады. Тері күтіміне арналған қымбат маскалардан кем түспейді. 

4. Кофенің қою қалдығы целлюлитке көмектесе алады. Оны денеге арналған скрабтың орнына қолдансаңыз, жақын арада бұрын кедір-бұдыр болып тұрған дене бөліктерінің біршама жақсарғанын байқайсыз. 

5. Шашты ашық түске бояу үшін, қымбат әрі зиянды бояуларды қолданудың қажеті шамалы. Ол үшін түймедақты (ромашка) қайнатып, сүзіп алып пайдалансаңыз жеткілікті. Онымен шашыңызды шайыңыз, тіпті ара-тұра жай ғана жағып тұрсаңыз да, шаш түсі біраз ашық реңк бере бастайды. 

6. Суық су тырнаққа жаңа жағылған лакты кептіруге көмектеседі. Шағын ыдысқа суық суып құйып, оған бірнеше бөлік мұз салыңыз. Осы суық ерітіндіде тырнақты екі минуттай ұстаңыз. Бірақ суға қолды емес, тек боялған тырнақты салған жөн. Су неғұрлым суық болса, лак соғұрлым тез кебеді

7. Жазды күні адам терлеп, мазасы кететіні белгілі. Тершеңдіктен арылудың бір тәсілі – жалбыз (мята) қосылған ваннаға түсу. Жалбызға, сонымен қатар, шатыраш (шалфей), түймедақ (ромашка) қосуға болады. 

8. Жаз мезгіліндегі тағы бір жағымсыз сәттердің бірі – аяқтың қажалуы. Әсіресе жаңа аяқ-киім кигенде, адам төзгісіз жағдайға жететін кездер де болады. Қажалуға жол бермес үшін немесе ауырған жерді басу үшін теріге вазелин жағып қойған дұрыс. 

9. Жылтыры бар лактарды тырнақтан тез өшіру оңай шаруа емес. Өзіңізге ыңғайлы болу үшін мақта дискін алып, лак кетіретін сұйықтық жаққан соң, тырнақ үстіне қойып, сыртынан фольганың кішкене бөлігін орап тастау керек. 3-4 минуттан соң фольганы да, дискті де алсаңыз, тырнағыңыздың тазарғанын көресіз. Оңай әрі ыңғайлы. 

10. Дәмін көбі жақтыра бермейтін балықтың майы шаштың ұштануымен күресе алады. Шашты жуардан 10 минут бұрын ұшына балық майын жағып қойыңыз. Сосын 10 минуттан соң жуып тастайсыз. 

Ал сіз қандай құпияңызбен бөлісе аласыз? Пікір қалдырыңыз! 

Дереккөз: anabol.kz

Н. Үсенова