Сәндеу арқылы шашқа көлем берейік

Сәндеу арқылы шашқа көлем берейік
Фото: vk.com

Шашқа жылдам көлем беру үшін дұрыс күтім, заманауи технология және шашты қиғызу дұрыс болуы қажет. Бүгінгі материалда шашқа әдемі әрі сәнді көлем берудің бірнеше әдістерін жазамыз.

Шаштың жұқа болуының екі негізгі себебі бар. Біріншісі — ол генетика. Бұл жағдайда шашқа көлем беруге жарасымды шаш үлгісі (шаш қиғызу) және жақсы таңдалған бояу көмектеседі. Екінші себеп — дәрумендер мен минералдар жетіспеуі. Ол кезде арнайы дәруменді жиынтық көмектесе алады. 

Шашқа көлем беретін шаш үлгілері:

- Қалың кекіл;
- Сарқырама (каскад);
- Саты (лесенка);
- Сатылы шаш қиғызудың барлық түрі;
- Қысқа боб.  

Қосымша осыған ұқсас нәтижені кейбір бояу түрлері де береді. Мысалы, калифорниялық мелирлеу (мелирование). Тәжірибелі маман шашты қалың әрі көлемді етіп көрсету үшін бірнеше түсті араластырып бояп бере алады. Одан соң боялған шашты қажетті дәрумендермен қамтамасыз етіп тұрсаңыз, көлемді ұзаққа сақтай аласыз. 

Қалың шаштарға көлем беру
Қалың шаштарға көлем беру оңайға түседі. Бұл жерде басты міндет — шаш үлгісіне дұрыс пішін бере білу. Қалық шашқа фен арқылы көлем беру үшін төмендегі әдісті қолданып көріңіз:

- Алдымен шашыңызды көлем беретін арнайы сусабынмен жуып алыңыз. Кондиционер немесе маска туралы ұмытпаңыз. Көлем сақталу үшін басыңызды таңертең жуған жөн;

- Шаштың ұшын орамалмен аздап сүртіп алыңыз;

- Шашқа көлемді кешке дейін ұстап тұратын арнайы құрал жағып, шашыңызды кептіріңіз;

- Көлем беру үшін шашты фенмен кептірген жақсы. Ол үшін дөңгелек тарақ, фен және саусақ көмегі қажет болады. Өзіңізге қолайлысын тапқанша әр түрлі әдістерді қолданып көріңіз. Біреулер шашты кептіруді ұшынан бастаса, басқалары түбінен бастайды. Бастысы қолыңызды үйретсеңіз, нәтижесі көңіліңізден шыға бастайды. 

А. Жапатова