Қынамен шаш бояудың ерекшеліктері

Қынамен шаш бояудың ерекшеліктері
Фото: hair-secrets.ru

Қай мезгіл болсын, қыздар қауымы шаш күтіміне ерекше мән береді. Шаштың түсін өзгертіп, жаңартып та отырамыз. Алайда шаш бояуы химиялық заттардан тұратыны белгілі. Ал табиғи қына бояғышы шашқа түс берумен қатар емдік қасиетімен де ерекшеленеді. Ол шашты аздап құрғатуы мүмкін. Сол себепті пайдалану ережесін білген дұрыс.

Қынамен шаш бояғанда, шаш құрғамауы үшін қосымша май, жұмыртқа, айран қосуға болады. Сонымен қатар, қынаны айына бір реттен артық қолданбаған дұрыс. Қынамен бояғанда ол шашқа өзгеше өң береді. Егер ол түс ұнамаса, оны кетірудің де тәсілі бар. Ол үшін зәйтүн майын қолданыңыз. Кірлеген құрғақ шашқа зәйтүн майын жағады да, 20-30 минуттан соң сусабынмен жуады. Сонымен қатар, қынаға қосымша заттарды қосу арқылы дайындалатын бірнеше рецепт ұсынамыз.

Қына мен айран

Қынаға айран қосса, сіңгіштік қасиеті арта түседі. Сондықтан кез келген қышқыл ағарғанды қосуға болады. Қышқыл болған сайын нәтижесі де жоғарылайды. Алайда майлылығы 1 пайыздан аспағаны жөн. Дайындау үшін алдымен айранды бір тәулік тоңазытқышқа қояды да қынамен араластырады. Оны дымқылдау шашқа жағады. Шашты ешнәрсемен орамай-ақ, ашық жүргені жақсы. Себебі ашық болса түсі қанықтау, ал сыртынан пакетпен ораса қызғыштау реңк береді. Бояуды шашта 6 сағат ұстайды, сосын сусабынмен жуады.

Қына мен лимон

Қына шашқа оңай жағылуы үшін қынаға лимон шырынын қосып араластырады. Қоймалжыңды 10-12 сағат қояды да, жылы айран мен жұмыртқаның сары уызын қосады. Оны шашта 1-2 сағат ұстаған соң, жуып тастайды.

Қынаның өзі

Бұл тәсіл арқылы шашты емдейді. Қына ұнтағына 2 жұмыртқаның сарысы, 1 шай қасық бал қосады. Қоймалжыңды араластырып, таза құрғақ шашқа жағады. Масканы ұзақ ұстаған сайын, реңк беру белсенділігі жоғарылайды. Қынаны жуып тастаған соң, алма сіркесуы немесе лимон шырыны қосылған сумен шаяды. Бұл шашты жылтыратып, жұмсартады.

Қынаға қосымша заттар қосу арқылы шашқа түрлі өң бере аласыз. Мәселен:

• Шашқа қызғыш түс бергіңіз келсе, кагорды (шарап) ысытып, қосады.

• Сарғыш түс беру үшін 1 қынаға басманың бір бөлігін қосады. Шашта 30 минут тұруы тиіс.

• Ашық қызғыш түс болу үшін бір қынаға басманың бір бөлігін қосады. Алайда мұны шашта 1 сағат ұстайды.

• Қара түс болуы үшін қынаға басманың үш бөлігін қосады. 4 сағаттан соң жуып тастайды.

• Шоколад немесе қара түс беруде қынаны қара кофемен араластырады. 25 грамм ұнтаққа 1 шай қасық кофе қосады.

Н. Үсенова