Анорексия неліктен қауіпті?

Анорексия неліктен қауіпті?
Фото: vitaportal.ru

Мамандардың пікірінше, адам ауруларының көбісі жүйке жүйесіне байланысты, яғни, психосоматикалық аурулар болып келеді. Анорексия да сондай аурулардың бірі. Әрине анорексияның биологиялық себебі де (тұқымқуалаушылық) болуы мүмкін. Дегенмен кейінгі 20-25 жылда 12-25 жастағы қыздар арасында жаппай арықтау үрдісі белең алды.

Сән подиумындағы арық, ұзын қыздар мұндай бойжеткендер үшін идеал болып есептеледі.

Анорексияға ұшырағандар қанша жерден арықтаса да ылғи өздерін толық сезініп, өз денесінен өздері ұялады.

Анорексиямен ауратын адамның белгілері қандай?

- тамаққа тәбеті болмайды;

- көңіл-күйі төмен;

- қоғамнан оқшауланады;

- ұйқысы бұзылады;

- ештеңеге қызықпайды.

Олар сән журналдарын, ғаламтордағы сән туралы ақпараттарды ақтарып, үнемі арықтаудың жаңа жолдарын іздестіреді.

Өсіп келе жатқан жас ағза өзіне қажетті қоректі алмағандықтан, арықтап қана қоймай, бірте-бірте ауруға шалдығады.

Мұндай диагнозы барлардың алдымен психиатр, психолог мамандарға қаралғандары жөн. Себебі анорексия өзін-өзі жақсы көрмейтіндіктен туындайды. Өкінішке орай, арық адамның көрер көзге де онша сүйкімді бола бермейтінін түсінуге біраз уақыт кетеді.

Одан соң ғана өзге дәрігерлер оларға арнайы диета тағайындайды.

Қалыптасқан әдет бойынша көпшілік күніне 3 мезгіл тамақтану қажет деп есептейді, дұрысы аз-аздан 6 мезгіл тамақ жеген жөн.

Жасөспірімдер өте-мөте ұнататын бутерброд, тәтті, самса, әртүрлі газды сусындарды ұмытып, ет, сүт өнімдері, балық, көкөніс, жеміс-жидектермен тамақтануға дағдыланған абзал.

Таңертеңгі уақытта сорпа, ботқа тәрізді ыстық тамақтарды жеу ас қорыту жүйесін қалыпқа түсіреді әрі ағзаға өте пайдалы. 

Ф. Абилова